Есірткіге қарсы күрес: Алматыда полиция ММА федерациясымен ынтымақтастық орнатты
Есірткіге қарсы күрес: Алматыда полиция ММА федерациясымен ынтымақтастық орнатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында Алматы қаласы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жанат Нұрғалиев пен "Алматы қаласының аралас жекпе-жек (ММА) федерациясы" қоғамдық бірлестігінің директоры Владимир Лимнің жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыстық идеологияға қарсы іс-қимыл және жастарды спорт арқылы заңды әрі әлеуметтік тұрғыдан пайдалы қызметке тарту бағытындағы өзара ынтымақтастықтың басым бағыттарын талқылады.
Әсіресе жастармен, оның ішінде жасөспірімдермен жұмыс істеуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар талаптарға сай келмейтін, заңсыз әрекет ететін және қылмыстық көзқарастарды таратуы мүмкін спорт секцияларының қызметін анықтау және жолын кесу мәселелері сөз болды.
— Біз үшін спорт — заңдылық, тәртіп пен өзара құрметтің алаңы болуы тиіс. Ол қылмыстық идеяларды жасыратын құралға айналмауы қажет. ММА федерациясымен бірлесіп, әсіресе тәуекел тобындағы жастармен профилактикалық жұмысты күшейтеміз. Басты мақсат — жастардың қылмыстық ортаға тартылуына жол бермей, олардың дамуына заңды, салауатты әрі қоғамға пайдалы бағыт ұсыну, — деді Жанат Нұрғалиев.
Кездесу қорытындысы бойынша полиция мен спорт ұйымдары арасындағы серіктестіктің қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы, салауатты өмір салтын қалыптастырудағы және жастарды заңға құрмет пен жауапкершілік рухында тәрбиелеудегі маңызы атап өтілді.
Тараптар жастар ортасында қылмыстың алдын алу және қылмыстық идеологияның таралуына жол бермеуге бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
