Есірткіге қарсы күрестегі адал қызмет
Есірткіге қарсы күресте адал қызмет етіп келе жатқан Атырау облысы ПД қызметкері туралы толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Есірткі – қоғамның түбіне балта шабатын індет. Ол адамның денсаулығына ғана емес, оның рухани, әлеуметтік және отбасылық өміріне де орны толмас зиян келтіреді. Сол себепті есірткі қылмысына қарсы күрес – бүгінгі қоғамның ең өзекті міндеттерінің бірі.
Сол күрестің алдыңғы шебінде жүрген жандардың бірі – Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева. Ол қоғамның тыныштығы мен жастардың болашағы үшін күн сайын қажырлы еңбек етіп жүрген кәсіби тәртіп сақшысы.
Марьяна еңбек жолын кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығында тұрмысқа және еңбекке орналастыру инспекторы ретінде бастаған. Сол кездің өзінде-ақ ол балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, өмірлік қиын жағдайға тап болғандарға көмек көрсету бағытында ерекше белсенділік танытты. Өз ісіне адалдық пен жанашырлық танытқан жас маманның еңбегі балалардың дұрыс өмірлік бағыт таңдауына, өзіне сенім артуына үлкен септігін тигізді.
Кейін ол есірткі қылмысына қарсы күрес саласына ауысып, бүгінде күрделі әрі аса жауапты бағытта абыроймен қызмет атқарып келеді. Қоғамда салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды есірткі қатерінен қорғау – оның басты мақсатына айналған.
Полиция қызметкері тұрғындармен, жастармен, білім беру ұйымдарымен және түрлі қоғамдық құрылымдармен тығыз байланыс орнатқан. Оның бастамасымен биылдың өзінде 800-ден астам кездесу мен түсіндіру іс-шарасы өткізілді.
Интернет кеңістігінде есірткі заттарын насихаттайтын 1 140 сайт анықталып, бұғатталды. Ал еріктілер мен қоғам белсенділерінің қатысуымен қала көшелерінен 80-нен астам заңсыз жарнама жазулары өшірілді. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жастардың жарқын болашағына деген шынайы жанашырлықтың нақты көрінісі.
– Есірткі – адамның тағдырын бұзатын, отбасының, тіпті тұтас қоғамның қасіретіне айналатын қауіпті дерт. Сондықтан біздің міндетіміз – тек қылмысты ашу емес, оның алдын алу, жастарды ондай жолдан сақтап қалу. Кейде бір жылы сөз, бір шынайы әңгіме адамды дұрыс шешімге итермелеуі мүмкін. Біз сол үшін күресеміз. Себебі жастар – елдің болашағы, – дейді Марьяна Джангалиева.
Кәсібилік пен адамгершілікті ұштастыра білген Марьяна Джангалиева бүгінде ерік-жігері мен нәзіктігін қатар ұстап жүрген, қоғам қауіпсіздігіне үлес қосқан абзал жан. Оның қызметі – тек бүгінгі күннің еңбегі ғана емес, болашаққа бағытталған ізгілікті қадам.
						