Есірткіге қарсы роликтер Қостанай кинотеатрында көрсетілуде
Қостанайдағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде әр киносеанс алдында бір аптадан бері есірткіге қарсы бағыттағы роликтер көрсетілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқармасының нашақорлыққа қарсы бейнероликтер көрсету туралы бастамасын «Zodiac Cinema» кинотеатрының басшылығы бірден қолдады.
– Біздің аудиториямыздың негізгі бөлігі – жастар мен жасөспірімдер. Олар зиянды заттарды қолдануға бейім болғандықтан, біз бұл идеяны қолдау арқылы өзіміздің азаматтық белсенділігімізді көрсеткіміз келді. Нашақорлық – бүкіл қоғам үшін үлкен қауіп, сондықтан алдын алу шаралары нашақорлықпен күресте басым әдіс болады деп санаймын, – деп «Zodiac Cinema» кинотеатрының басқарушысы Азамат Рамазанов өз ойымен бөлісті.
Әлеуметтік жарнама көрсетілімі бір жыл бойы жүретін болады. Азамат Рамазановтың айтуынша, бір апта ішінде кинотеатрға 5 мыңнан астам адам келген.
– Жастар арасындағы нашақорлық проблемасы – әлемдегі ең өзекті мәселелердің бірі. Жыл сайын есірткімен қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың саны өсуде. Қазіргі күні барлық жерде жаңа синтетикалық психотроптық заттар таралуда. Осыған байланысты нашақорлықтың бастапқы алдын алу жұмыстары жастар мен жасөспірімдерге бағытталған. Кинотеатр ұжымына әріптестік әрі қолдау танытқаны үшін зор алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті Қостанай облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкері Айгүл Ераділова.
Нашақорлықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында облыстық ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері жастармен түрлі кездесу, экскурсия өткізу, парақшалар, буклеттер тарату және т.б. түрінде халық арасында үлкен жұмыс жүргізуде.
Айта кету керек, есірткіге қарсы аталмыш іс-шараларды өткізу барысында «Kostanay Plaza» ОСО басшылығы жиі қолдау білдіріп келеді.