Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Есірткіге қарсы жаңа кешенді жоспар: цифрландыру, бақылау және алдын алу

Қазақстанда Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейту мақсатында 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Құжат алдын алу шараларын кеңейтуге, есірткі қылмыстарын анықтауға және заманауи цифрлық технологияларды қолдануға бағытталған, — деп хабарлайды Polisia.kz.

2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар – қоғамдағы есірткіге тәуелділікті жоюға, жастарды қорғауға, есірткі заттарының қолжетімділігін шектеуге, сондай-ақ ұйымдасқан есірткі айналымының жолын кесуге бағытталған ведомствоаралық жүйелі құжат.

Мемлекет басшысының биылғы жылдың наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында Ішкі істер министрлігі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Қазақстан Республикасында 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды әзірлеп, бекітті.

Құжат ғаламдық және өңірлік деңгейдегі есірткі ахуалына қатысты негізгі үрдістерді талдау, Парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың ұсыныстары, сондай-ақ жүйелі ведомствоаралық өзара іс-қимыл нәтижелері негізінде әзірленді.

Кешенді жоспар мемлекеттік нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы саясаттың негізгі бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, есірткі ахуалын мониторингілеу, алдын алу шараларын күшейту, есірткіге қатысты қылмыстардың жолын кесу, заңнаманы жетілдіру, цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту көзделген.

Құжатта заманауи технологияларды қолдануға ерекше басымдық берілген. Атап айтқанда, талдамалық және жедел қызметке жасанды интеллектіні енгізу, газталдағыштармен және бейнекамералармен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттарын сатып алу, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарын жеке химиялық қорғаныс пен залалсыздандыру құралдарымен жарақтандыру, заттай дәлелдемелерді сақтау қоймаларын цифрландыру, сондай-ақ цифрлық іздер базасын қалыптастыру көзделген.

Іс-шаралардың жеке блогы заңнамалық және нормативтік құқықтық базаны жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, есірткіге скрининг жүргізудің негіздері мен тәртібін бекіту, параллель қаржылық тергеп-тексерулерді жүргізу, криптовалюта айналымын реттеу, синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимыл, сондай-ақ есірткі қылмыстарын анықтауға жәрдемдескен азаматтарды ынталандыру жоспарланған.

Бағдарламалық құжат 7 бөлімнен, 106 тармақ пен 30 тармақшадан тұрады. Кешенді жоспарды әзірлеу барысында ол Премьер-Министр жанындағы Республикалық штабтың, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, Ішкі істер министрлігі жанындағы Нашақорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңестің отырыстарында, сондай-ақ халықаралық бейінді ұйымдардың сараптамалық әлеуетін пайдалана отырып қаралды.

Кешенді жоспарды іске асыру қоғамдағы нашақорлықты және жасөспірімдер арасындағы есірткіге қатысты қылмыстарды азайтуға, есірткі мен интернеттегі заңсыз контентке қолжетімділікті жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ есірткі арналары мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу көрсеткіштері артып, өңір әкімдіктерінің есірткіге қарсы жұмысының тиімділігі арнайы рейтинг арқылы бағаланады.

Іс-шараларды қаржыландыру үш жылдық кезеңге республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен көзделген.

Еске салайық, 2023-2025 жылдарға арналған қолданыстағы кешенді жоспарды іске асырудың өзі нақты нәтижелер берді.

Атап айтқанда, есірткі заттары мен прекурсорлардың тізбесі жаңартылып, оған 31 жаңа атау енгізілді. Синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 382 келіден 1,2 тоннаға жетті. Сот-сараптама органдары 41 заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етіліп, сараптама жүргізу мерзімі бір айдан бір тәулікке дейін қысқартылды.

Сонымен қатар “Киберқадағалау” ақпараттық жүйесінің көмегімен есірткіге қатысты сайттар мен заңсыз контентті бұғаттау көрсеткіші 2,6 мыңнан 9,2 мыңға дейін артқан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру