Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Есірткіге жол жоқ: Алматыдағы балалар колониясында профилактикалық кездесу ұйымдастырылды

Алматыда кәмелетке толмағандармен профилактикалық кездесу ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

2024 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңы аясында елімізде нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Осыған орай, Алматы қаласы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесінде кәмелетке толмаған жазасын өтеуші жасөспірімдермен түсіндіру кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты — жасөспірімдер арасында есірткі қылмысына қарсы иммунитет қалыптастырып, нашақорлықтың зиянды салдарын ұғындыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

Кездесуге Алматы қаласы есірткіге қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Сұлушаш Досболова қатысып, жасөспірімдерге нашақорлықтың құқықтық және әлеуметтік зардаптары жайлы кеңінен әңгімелеп берді. Сонымен қатар тәрбиелік сипаттағы диалог барысында балалар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, толыққанды жауаптар алды.

Іс-шара Алматы қаласы бойынша есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп бекітілген жоспар аясында жүзеге асты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты — жастарды есірткіден алшақтатып, оларды салауатты өмірге баулу, құқық бұзушылықтың алдын алу, әрі болашақта қоғамның белсенді әрі пайдалы мүшесі ретінде тәрбиелеу болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру