«Есірткіге жол жоқ»: Атырауда ауқымды форум өтті
Есірткі қылмыстарының алдын алу және жастар арасында есірткіге қарсы иммунитетті нығайту мақсатында Атырау облысының әкімдігі мен полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Есірткіге жол жоқ» атты ауқымды форум өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Форум барысында есірткіге қарсы күресте белсенділік танытып жүрген қоғамдық ұйымдардың өкілдерінің баяндамалары тыңдалды. Форумға оффлайн форматта оқушылар мен студенттер, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысса, онлайн форматта облыстағы білім беру ордаларындағы 30 мыңнан астам жоғары сынып оқушыларына көрсетілім ұйымдастырылды.
– Соңғы жылдары жастардың болашағына кері әсер ететін факторлардың бірі ретінде есірткі қылмысы анықталуда. Атырауда есірткі заттарын заңсыз сақтау, сату және пайдалану дерегімен 3 жасөспірім анықталып, ұсталды. Жасөспірімдер көп жағдайда әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлер арқылы есірткі сатушылардың арбауына түсіп қалуда. «Кибер-қадағалау» бағдарламасы арқылы заңсыз контенті бар есірткі жарнамалайтын және сататын 230 сайт анықталып, ІІМ-ге бұғаттауға жолданды. Есірткі сайттарын жарнамалайтын 100-ден астам граффити жазбалары анықталып, жойылып, қала аумағындағы QR- кодтар да тексерілуде. Айта кету керек, есірткі қылмысына қатысты күдіктілердің 60%-ы 17-35 жас аралығындағы жастар екендігі алаңдатады. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай қоғамдағы қауіпсіздік пен тыныштық тәртіпке тікелей қатысты. Біздің елдің болашағы – бүгінгі ұрпақ, ол сіздер – бүгінгі оқушылар, қыздар мен ұлдар. Сондықтан «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» – деп ұлы Абай айтқандай, бүгіннен бастап болашақтарыңызға саналы қадам жасаңыздар! – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев.
Іс-шарада сөз алған құрметті қонақтар қоғам назарын «ғасыр дерті», яғни есірткіге, нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға аударып, форумның маңыздылығын атап өтті.
Форумға қатысуға келген оқушылар мен студенттерге полиция департаменті қызметтік автокөліктер мен қару-жарақтардың, кинология қызметінің көрмесін де ұйымдастырды.