Есірткіге жол жоқ: Атырауда профилактикалық іс-шара өтті
Атырауда есірткіге қарсы профилактикалық іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №79 мекеме жанындағы колледжде есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған түсіндірме іс-шарасы ұйымдастырылды. Жиынға Атырау облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен нарколог маман қатысып, жастарға кең көлемде ақпарат берді.
Іс-шараның басты мақсаты — есірткі заттарын қолдану мен таратудың алдын алу, психобелсенді заттардың адам ағзасына тигізер зияны жөнінде нақты деректермен түсіндіру, құқықтық жауапкершілік туралы мағлұмат беру арқылы жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру және салауатты өмір салтын дәріптеу.
Кездесу барысында мамандар есірткі заттарының қоғамға, тұлға денсаулығына және болашағына тигізер зардабы туралы кеңінен тоқталып, нақты мысалдар келтірді. Сондай-ақ нашақорлықтың құқықтық және медициналық салдарлары жан-жақты талқыланды.
Мұндай кездесулердің басты құндылығы — жастардың бойында жауапкершілік пен өзін-өзі сақтау түйсігін қалыптастыру. Салауатты қоғам – сау ұрпақтың кепілі.