"Есірткісіз болашақ": Атырауда ата-аналар мен балаларға арналған шахмат турнирі өтті
Атырауда ата-аналар мен балаларға арналған шахмат турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы "GUW Chess" шахмат клубымен бірлесе отырып, шахматтан турнир ұйымдастырды. Бұл ақыл-ойды дамытатын үстел ойындарының бірі саналатын шахмат сайысының басты мақсаты – жастарды салауатты өмір салтына баулу, есірткіге әуестенудің алдын алу және есірткісіз қоғам құру идеяларын насихаттау.
Жарысқа ата-аналар мен балалардан құралған 26 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Тартысты ойын нәтижесінде үздік шыққандар алтын, күміс және қола жүлделерге ие болды. Жеңімпаздарға марапаттарды Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Марьяна Джангалиева табыстап, қатысушыларға ізгі лебізін білдірді.
– Шахмат – жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, логикалық ойлау қабілетін жетілдіретін ерекше спорт түрі. Балалардың уақытын осындай пайдалы ойындарға арнауы олардың болашағын жарқын етіп, зиянды әдеттерден аулақ болуға көмектеседі. Сондықтан біз жастарды шахмат секілді спорт түрлеріне қызықтырып, есірткісіз өмірге ынталандыруды басты мақсатымыз деп білеміз, – деді Марьяна Джангалиева