"Есірткісіз болашақ": Таразда жүргізушілер арасында әлеуметтік эксперимент өтті
Таразда жүргізушілер арасында әлеуметтік эксперимент өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Тараз қаласының Жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, қалалық автобекет аумағында ерекше әлеуметтік эксперимент ұйымдастырды.
Шара барысында жүргізушілерге ақшалай сыйақы үшін бейтаныс, мөрленген сәлемдемені түрлі елді мекендерге жеткізу ұсынылды. Бұл қадамның негізгі мақсаты- тасымалдаушылардың құқықтық санасын тексеру және тыйым салынған заттарды жеткізудің ауыр салдары жөнінде еске салу болды.
Эксперимент нәтижесінде көпшілік жүргізушілер қырағылық танытып, күдікті ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартты. Оларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі есірткі тасымалына қатысты баптар мен заң бұзушылықтың салдары түсіндірілді.
Акция соңында адалдық пен жауапкершілік көрсеткен қатысушыларға "Есірткісіз болашақ" ұранымен дайындалған футболкалар мен бейсболкалар табыс етілді.