Етті тиісті құжаттарсыз тасымалдаған мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды
Етті тиісті құжаттарсыз тасымалдаған мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 желтоқсан күні шамамен сағат 10:35-те «Құқықтық тәртіп» ЖАІШ барысында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Қайыржан Данияров және Адлет Абдукаиров Астана-Петропавловск автожолының 27 шақырымында жол қозғалысын бақылауды қамтамасыз ету кезінде елорданың 50 жастағы тұрғыны басқарған ГАЗель автокөлігін тоқтатты.
Құжаттарды тексеру барысында полицейлер жүргізушіден шыққан алкогольдің иісін сезді. Ол көлік құралын басқарудан шеттетілді.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізуші жеңіл дәрежедегі мас күйінде болған. ГАЗель жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі (Көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық мас күйінде жүргізушінің басқаруы) бойынша әкімшілік хаттама жасалды.
Сондай-ақ автокөліктің кузовында 3 ірі қара малдың ұшасы болған. Бұл ретте жүргізушінің ет тасымалдауға арналған тиісті құжаттары болмаған. Етті тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны үшін аталған азамат ҚР ӘҚБтК 406-бабы бойынша жауапқа тартылады.
12 желтоқсанда Шортанды аудандық сотының шешімімен аталған азамат 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Автокөлік мамандандырылған автотұраққа қойылды.