Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Еуразия барысы” жастарды зиянды әдеттермен күресуге шақырды

“Еуразия барысы” атағының иегері Бейбіт Ыстыбаев жастарды зиянды әдеттермен күресуге шақырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

“Еуразия барысы” атағының иегері, үш дүркін “Қазақстан Барысы” турнирінің жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің студенттерімен кездесуде отбасы, бірлік пен өзара құрметтің құндылығы туралы ойларымен бөлісіп, әрқашан спорт пен салауатты өмір салтын таңдауға үндеді.

Облыстық ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен өткен кездесуге 300-ден астам студент қатысты.

Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында “Жеңіс” тұлғалық трансформациялау орталығы мен қалалық жастар ресурстық орталығы да болды.

Бейбіт Ыстыбаев өзінің өмір жолы туралы айтып, қиындықтарды қалай жеңгені жайлы тәжірибесімен бөлісті және оған бұл жолда көмектескен факторларды атап өтті.

Ол жастарға өз күш-қуаты мен қабілеттерін өзін-өзі дамытуға, кәсіби өсуге, отбасына және Отанға пайда әкелуге бағыттауға кеңес берді.

— Өмірдің түрлі қиындықтарын тек осылай ғана жеңе аласыздар және бұл сіздерді интернетте болсын, шынайы өмірде болсын зиянды топтардың ықпалынан сақтайды, — деп атап өтті ол.

Облыстық ПД ЕҚҚІҚБ бастығының орынбасары Асқар Жұмабеков нашақорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар, есірткі заттарын қолданудың зияны мен салдары туралы айтып өтті.

Іс-шара барысында М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Аслан Тұрлыбек те сөз сөйлеп, жастарды жақсы әдеттерге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру