Гана Республикасының төрт азаматы елордада заңсыз еңбек еткен
Гана Республикасының төрт азаматы елордада заңсыз еңбек еткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы полиция департаментінің көші-қон қызметінің қызметкерлері жүргізген рейдтер барысында көлік жуу орнында заңсыз жұмыс істеп жүрген Гана Республикасының төрт азаматын анықтады. Белгілі болғандай, шетел азаматтары елордаға бір апта бұрын келгенімен, жергілікті атқарушы орган беретін тиісті рұқсат қағазы болмаған. Жұмыс беруші шетелдік азаматтарды рұқсатсыз жұмысқа алған. Бұл азаматтардың өздерімен бірге жеке бастарын куәландыратын құжаттары да болмаған.
Қазіргі уақытта аталған 47, 35, 29 және 23 жастағы шетелдіктер Астана қаласы полиция департаментінің қабылдап-тарату бөліміне орналастырылды. Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасы халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін оларға қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Заңсыз мигранттарды жұмысқа алған жұмыс беруші де Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.