«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенділік»: полиция қызметкерлері жастармен ашық диалог өткізді
Атырауда полиция қызметкерлері гендерлік зорлық-зомбылық тақырыбында жастармен ашық диалог өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстанда «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күндік белсенділік» науқаны шеңберінде түрлі іс-шаралар жалғасуда. Атыраудағы М.Асаубаева атындағы креатив орталығында «БҰҰ-Әйелдер» қауымдастығының ұйымдастыруымен жастарға арналған ақпараттық-талқылау отырысы өтті.
Әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алудағы қоғамдағы хабардарлықты арттыруды және ашық диалог орнатуды мақсат тұтқан бұл жиынға Атырау облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасынан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Раиса Айтжанова қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және оны болдырмау, қоғамдағы отбасы институтының маңыздылығын насихаттау, жастардың құқықтық санасын нығайтуға үлес қосу болды.
Диалог барысында қатысушылар гендерлік теңдікті қолдауда ер адамдардың маңызды рөлін, зиянды гендерлік стереотиптердің зорлық-зомбылыққа қалай ықпал ететінін талқылады. Әңгімеге студенттер, оқытушылар мен қоғам мүшелері белсене араласып, отбасыдағы зорлық-зомбылықты болдырмау жолдарын қарастырды. Раиса Айтжанова мен шараға қатысқан мамандар, белсенділер зорлық-зомбылықсыз қоғам құру үшін бірігіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында қатысушылар гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресте тек әйелдер ғана емес, қоғамның барлық мүшелері бірлесе отырып, ортақ көзқарас қалыптастыру қажет екенін айтты. «Гендерлік зорлық-зомбылықсыз қоғам – ортақ мүддеміз», – деген ұстанымды қолдаған жастар бұл бағытта өз үлестерін қосуға дайын екендіктерін білдірді.