Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ғасыр жасаған ардагердің арманы орындалды

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті ІІО-ның құрметті ардагері, Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимов үшін ерекше сапар ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл шара қарт майдангердің туған жері Күршім ауданына барып, Ертіс өзені арқылы салынған жаңа көпірді көру арманының орындалуына арналды.

Құрметті ардагерді Күршім ауданы әкімдігі, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және жергілікті тұрғындар салтанатты түрде, ән шашумен қарсы алды. Ардагердің жүзіндегі қуаныш оның арманының орындалғанының дәлелі еді.

– Мен әрдайым туған өлкемнің өзгерістерін өз көзіммен көруді қаладым. Бұл көпір – халықтың күткен үміті мен прогрестің көрінісі. Осы тарихи сәттің куәсі болғаныма ризамын, – деп бөлісті Құрмат Рахимұлы.

Ардагер үшін сапардың тағы бір маңызды сәті – өзінің есімі берілген «Жас сақшы» кадет сыныбына бару болды. Онда Құрмат ата оқушыларға батасын беріп, елге адал қызмет етудің маңыздылығын атап өтті.

– Сіздер – ел болашағысыздар. Әрдайым Отанға адал, абыройлы азамат болыңыздар, – деді Құрмат ақсақал.

Сонымен қатар ардагер оқушыларға өзінің аты жазылған арнайы «Құрмат Рахимов – жас сақшы» төсбелгісін табыстап, жаңа жыл қарсаңында балаларға естелік сыйлықтар мен тосын сый жасады.

– Құрмат Рахимұлының тілегін орындау – біз үшін үлкен абырой. Бұл шара тек ардагерге құрмет қана емес, сонымен бірге ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Аталарымыздың мұрасын ұлықтау – біздің борышымыз, – деп атап өтті ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов.

Жаңа көпір – Шығыс Қазақстан облысының дамуын көрсететін символ ғана емес, ардагерлерімізге деген құрметтің жарқын үлгісі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру