«Хабардар болсаң – сақ боласың»
Петропавл полицейлері мен еріктілері Интернет-алаяқтықтың схемалары туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер Петропавл тұрғындарына профилактикалық жадынамалар мен брошюралар таратуды ұйымдастыра отыра, Интернет-алаяқтардың құрбанына қалай айналмау жөнінде айтты. Солтүстік Қазақстан облысы ПД криминалдық полиция қызметкерлері өткізген акцияға «Қамқор» клубының еріктілері қосылды. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенттері жедел уәкілдермен бірге сауда үйлерін аралады, олар адамдарға интернет-алаяқтық туралы түсіндірді.
– Адамдар бізді естиді және бұл оларға өздерін осындай алаяқтардан қорғануға көмектеседі деп үміттенеміз. Біздің түсініктемелеріміз осындай қылмыстардың санын азайтуға көмектескенін қалаймын. «Хабардар болсаң – сақ боласың» дегендей, – дейді ерікті Даниал Исаев.
Осы жылдың басынан бері 270-тен астам солтүстікқазақстандық түрлі онлайн-ресурстар арқылы алаяқтардың құрығына ілікті.
– Әлеуметтік желілерде күмән туғызатын кез-келген жағдайға келіспеген жөн, тауарларды сатып алу-сату кезінде алдын-ала төлемдерден бас тарту қажет, банк картасының нөмірлерін, ПИН-кодтарды, сондай-ақ ұялы телефонға түскен парольдерді ешкімге айтпау керек. Бұл мессенджерлер және басқа электрондық ресурстар арқылы Интернеттегі алаяқтық іс-әрекеттен қорғай алатын алғашқы ережелер, – деді СҚО ПД Криминалдық Полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
Соңғы кездері алаяқтар жиі қолданатын кейбір кең таралған алаяқтық схемалар – онлайн несие алу, интернет-банкингке қол жеткізу және Интернет арқылы сатып алынған тауарларға алдын-ала төлем жасау. Алаяқтар өздерінің қылмыстық ниеттерін жүзеге асыру үшін банктік картаның нөмірін, картаның артқы жағындағы үш таңбалы кодты және SMS арқылы келетін кодты пайдаланады. Осы аптада Петропавл қаласының тұрғыны полицияға жүгінді, ол өзінің төрт миллион теңге көлемінде 25 шағын несиесі бар екенін білген. Қазір мән-жайлар анықталып жатыр.