Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Халық пен заң арасындағы алтын көпір

Хан ордасы ауылында қызмет ететін учаскелік полиция инспекторы Асылан Сансызбаев қызметінің қыр-сырымен бөлісті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғам тыныштығын сақтау мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды. Осы мақсат жолында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылында қызмет ететін учаскелік полиция инспекторы Асылан Сансызбаев.

Ол өз ісіне берілген, тәртіп пен тыныштықты басты қағидасына айналдырған абыройлы азамат. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2013 жылдың 14 қаңтарында бастаған Сансызбаев Асылан 2017 жылдың 14 мамырынан бері осы лауазымда үздіксіз еңбек етіп келеді. 

Қазіргі таңда ол Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімінде учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты.

Асылан Сансызбайұлы қызмет көрсететін Орда ауылдық округінде бүгінде 2 885 тұрғын бар. Мұнда 128 қожалық, 209 қыстақ пен 685 аула орналасқан. Осындай ауқымды аумақты бақылауда ұстап, тәртіпті қамтамасыз ету — үлкен жауапкершілік пен тынымсыз еңбекті талап етеді. Жыл басынан бері 155 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, барлық тиісті хаттамалар толтырылған. Сонымен қатар есептік мерзім ішінде 9 қылмыстық іс тіркеліп, олардың 7-еуі ашылған. Бұл — инспектордың кәсіби біліктілігі мен міндетіне деген адалдығының нақты көрінісі.

"Бөкей ордасы" тарихи-музей кешені Батыс Қазақстан облысы орталығынан 550 шақырым жердегі Бөкей ордасы ауданы Хан ордасы ауылында орналасқан.

Тарихи-музей кешенінің аумағында бүгінгі күнге дейін сақталған және мемлекеттік қорғауға алынған ХІХ ғ. тарих және сәулет ескерткіштері болып табылатын тарихи ғимараттар біріктірілген.

Дәл осы жерге алыс - жақын елдерден келетін туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жүктелген бір міндет.

Учаскелік инспектордың жұмысы – тек тәртіп бұзғандарды жазалау ғана емес, ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алу, тұрғындармен түсіндіру жұмысын жүргізу, жастар арасында құқықтық тәрбие беру, әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсету сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Осы орайда, Сансызбаев Асылан өзінің тәжірибесімен, байсалдылығымен және халыққа деген ашықтығымен үлкен сенімге ие болып отыр.

Полиция қызметінің қиындығына қарамастан, Асылан Сансызбайұлы – көп балалы әке. Жұбайы Лунарамен бірге олар 3 қыз және бір ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы қазіргі уақытта 11-сыныпта оқып жүрсе, кенжесі балабақшаға барады. Жұмысының тығыздығына қарамастан, Асылан отбасына уақыт бөлуге тырысады.

— Учаскелік инспектор болғаннан кейін бос уақыт көп бола бермейді. Бірақ аз да болса демалыс уақытымды отбасыммен өткізуге тырысамын. Спортқа да көңіл бөлемін, спорттық велосипедпен серуендегенді жақсы көремін, – деп атап өтті Асылан.

Бала кезден полиция қызметкері болуды армандаған Асылан Сансызбайұлы бүгінде, ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Қарапайым болмысымен, халықпен етене жақын жұмыс істеуімен және жауапкершілігімен ауыл тұрғындарының сеніміне ие болған инспектор – қазіргі қоғамға қажет нағыз тәртіп сақшысы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру