Халық қалаулылары Түркістан облысының бас полицейімен кездесті
Халық қалаулылары Түркістан облысының бас полицейімен кездесіп, атқарылған жұмыстарды бақылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Түркістан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Дюсенбай Тұрғанов, Серік Ерубаев пен Ильяс Буларов іссапармен келді. Халық қалаулылары киелі мекеннің бірқатар мекемелерін аралап, Түркістан облысының жаңа ғимаратының құрылыс барысымен танысты.
Осыдан соң қазіргі уақытта Түркістан облысы Полиция департаментінің жұмыс істеп тұрған ғимаратындағы Жедел басқару орталығына келді. Мұнда ішкі істер органдарын цифрландыру, сервистік полиция моделі бойынша Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Яғни, сервистік полиция аясында жасалып жатқан жұмыстардың жай-күйі мен стационарлық пунктердің қызметін, қылмыстың азаюы мен болдырмауға байланысты жасалып жатқан жұмыстарды бақылады.
Сондай-ақ, департаменттің Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары туралы да толық мәліметтер берілді.
Мәселен, жыл басынан бері “102” арнасына 4 мыңға жуық хабарлама тіркелген. Ал бейнебақылау камераларымен 5 306 әкімшілік құқық бұзушылық пен 10 қылмыс анықталған. Сервистік полиция аясында іске қосылып тұрған SOS батырмасына тұрғындардан 250-ге жуық хабарлама түскен.
Іссапармен келген мәжіліс депутаттары қала, аудандардағы мектептерге орнатылған бейнебақылау камераларының жұмысын көрді. Облыс орталығы Түркістан қаласының да көше қиылыстарында орналасқан камералардың құқық бұзушылықты қалай анықтайтынын, анықталған соң неше уақытта шара қолданылатынын бақылады.
Одан кейін Полиция департаментінің мәжіліс залында басқарма, бөлім басшыларымен кездесті. Ал облыстағы аудандық полиция құрылымдарының басшылары бейнеселекторлық режимде қатысты. Арнайы жиын департамент бастығы Мұрат Қабденовтің төрағалығымен өтті.
Облыстың бас полицейі Түркістан облысында қылмыс пен құқық бұзушылықты одан әрі де азайту, ашылу көрсеткіштерін жоғарылату бойынша жұмыстар жүйелі атқарылатынын айтты.
Осы орайда штат санын көбейту, облыста Ұлттық ұланның бөлімшесін құру, полицияның сервистік моделіндегі жұмыстарды одан әрі де күшейту туралы ұсынысын білдірді. Мәжіліс отырыстарында аталған мәселелердің қаралуын және полицейлерге қолдау білдіру қажеттілігін жеткізді.
Сондай-ақ, Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Абдуғани Тойшыұлы баяндама жасады. Онда Түркістан облысы аумағындағы жедел жағдай мен қаңтар айында орын алған жаппай тәртіпсіздіктер бойынша атқарылған жүйелі жұмыстармен таныстырды.
Жиын соңында халық қалаулылары өздерінің сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.
– Ішкі тыныштықты сақтайтын полиция қызметкерлері, сондықтан сіздерге артыдар жүк аз емес. Ендеше әрқашан елге адал қызмет ете беріңіздер. Елдің қорғаны болудан шаршамаңыздар. Қиын қызметтеріңізге сәттілік тілейміз, – деп депутаттар тілектерін жеткізді.