Халықаралық адам саудасына қарсы күрес күні ІІМ "Адам саудасына қарсы күресте біргеміз!" кең ауқымды іс-шарасын өткізуде
Халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша жыл сайын мыңдаған ерлер, әйелдер және балалар өз елдерінде де, одан тыс жерлерде де адам саудасының құрбаны болып жатады.
Бұл трансұлттық қылмыстың шекарасы жоқ және қылмыстық тізбектегі рөліне қарамастан мемлекеттерге әсер етеді.
2013 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні болып 30 шілде ресми түрде жарияланды.
Қазақстан халықаралық келісімдердің қатысушысы ретінде БҰҰ-ның Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясының және адам саудасының алдын алу және жолын кесу туралы Хаттаманың ережелерін басшылыққа алады.
Хаттама адам саудасы деп адамдарды қанау мақсатында, соның ішінде қорқыту, күш көрсету, ұрлау, алдау, билікті немесе осалдықты теріс пайдалану арқылы жасалатын әрекеттерді көрсетеді.
Қанау формалары – жыныстық, мәжбүрлі еңбек, құлдық, еріксіз күй, сондай-ақ адам ағзаларын заңсыз алу.
Қазақстан Республикасында "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" Заң, зардап шеккендерге көмек көрсету және оңалту жөніндегі бағдарламалар қабылданды және халық арасында ақпараттық-түсіндіру науқандары іске асырылуда.
2025 жылы Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күнінің тақырыбы: "Адам саудасы – ұйымдасқан қылмыс. Қанаудың барлық түрлерін тоқтату үшін бірге жұмыс істейік".
ІІМ халықаралық бастаманы қолдау шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, ағымдағы жылдың 30-31 шілдесінде "Адам саудасына қарсы күресте біргеміз!" кең ауқымды іс-шарасын өткізуде.
Оның аясында жоспарлануда:
- адам саудасының белгілерін және сенім телефондарының нөмірлерін көрсете отырып, ақпараттық материалдарды тарату;
- құқықтық сипаттағы консультациялар өткізу;
- халықтың хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған өзге де іс-шаралар.
Әрбір азамат адам саудасына қарсы күреске өз үлесін қоса алады:
- осы мәселе туралы ақпаратты зерттеп, оны басқалармен бөлісіңіз;
- бейінді ұйымдарға қолдау көрсетіңіз және қайырымдылық бастамаларына қатысыңыз;
- егер адам саудасына күдік болса, дереу ішкі істер органдарына хабарласыңыз.
- Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдарға әсер ететін мәселені еске салады. Күш біріктіру арқылы біз қауіпсіз әлем құра аламыз. Бұл күресте әркім маңызды рөл атқара алады! - деді ведомствода.