Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Халықаралық музей күні: ҚР ІІМ музейінде шығармашылық кеш өтті

18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай ҚР ІІМ музейінде шығармашылық кеш өтті. Бұл – қоғам тыныштығын күзетіп жүрген қызметкерлердің жанкешті еңбегін ұлықтайтын ерекше шара болды. Шараға жазушы, қаламгер, "Серт" конкурсының жүлдегері Ернұр Әзімбаев арнайы шақырылып, оқырманмен кездесу өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл сайын 18 мамырда Халықаралық музей күні атап өтіледі. Атаулы күн 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген.

Ішкі істер органдары жүйесінде бүгінде 21 музей жұмыс істейді. Олар еліміздің барлық өңірлік департаменті мен оқу орындарында орналасқан. Бұл музейлерде екі мыңнан астам  жәдігер мен фотоқұжаттық материал сақталған. Соның бірі – 2000 жылдан бері Астана қаласында жұмыс істеп келе жатқан музей. Мұнда тәртіп сақшыларының тарихы мен ерлік жолының куәсі сақталған. Музей мамандары жыл сайын елордалық оқушылар мен студент жастар арасында танымдық шаралар, экскурсиялар, Ерлік сабақтарын ұйымдастырып келеді.

Шара барысында көрермендер Ернұр Әзімбаевтың "Тергеуші жазбалары" атты жаңа шығармасымен танысты. Бұл туынды – детектив жанрының аясында жазылғанымен, күнделікті қызметтің шынайы сәттерін, ішкі істер саласы қызметкерлерінің өмірін терең сипаттайтын шығарма.

– Бұл кітапты жазудағы басты мақсатым – ішкі істер саласында қызмет етіп жүрген азаматтардың көзге көріне бермейтін ерлігі мен жанкештілігін көрсету. Олардың күнделікті қызметіндегі адам тағдырына деген жауапкершілігі мен табандылығын оқырманға жеткізгім келді. Бұл – жай ғана детектив емес, шынайы өмірге негізделген тағдырлар туралы дүние. Шығармада мен қызмет барысындағы психологиялық жүктемені, отбасылық қиындықтарды, сондай-ақ азаматтық борыш пен адамгершілік ұғымының қатар өрілген сәттерін ашып көрсетуге тырыстым, - дейді жазушы Ернұр Әзімбаев.

Шара аясында қатысушылар жазушымен ашық сұхбат құрып, кітап туралы өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар көрмеге қойылған басқа да әдеби және тарихи туындылармен танысып, оқуға деген ынтаның қоғамдағы маңыздылығын арттыру туралы ойларымен бөлісті.

Кеш соңында қатысушыларға арналған фотосессия ұйымдастырылып, шығармашылық кеш жылы әсермен қорытындыланды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру