Хромтауда есептегі сотталғанның жаза өтеу тәртібін бұзғаны электронды браслет арқылы анықталды
Ақтөбе облысында пробация есебінде тұрған сотталғанның жаза өтеу тәртібін бұзғаны электронды браслет арқылы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Пробация қызметінің бірнеше мәрте берген ескертуіне құлақ аспай, қайта құқық бұзушылыққа барғаны үшін пробация есебінде тұрған сотталған жазасын енді сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында өтейтін болады.
Кісі тонағаны үшін сот үкімімен 3 жыл 6 ай мерзімге сотталған Хромтау ауданының тұрғыны өткен жылдың желтоқсан айында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметіне есепке алынған болатын. Қайта қылмыс жасауға бейім азаматтың жүріс-тұрысын жіті бақылауды қамтамасыз ету мақсатында пробация қызметкерлері сотталғанға электронды браслет тақты. Көп ұзамай пробация қызметкерлерінің күдігі расталып, электронды браслет арқылы есепте тұрған сотталғанның пробация қызметіне хабарламастан басқа елді-мекенге шыққаны анықталады.
Сонымен қатар, қоғамдық орында ішімдік ішкен есепте тұрған сотталған әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Есептегі сотталғанның аудандық соттың қаулысымен тағайындалған жаза мерзімінің өтелмеген 2 жыл 8 ай 5 күні бас бостандығынан айырумен ауыстырылды.
– Пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру туралы ҚР ІІМ-нің 511-бұйрығына сәйкес, бас бостандығынан шектелген және шартты сотталған азаматтарға тұрғылықты жері туралы тиісті пробациялық бақылауды қамтамасыз ету үшін пробация қызметі есепте тұрған азаматтарға электронды бақылау құралын қолданады. Жалпы, қайта құқық бұзушылыққа бейім сотталғандарға тағылған электронды браслет жұмысы пробация қызметтері үшін көп пайдасын әкелуде. Атап айтқанда, бұған дейін біз есепке алынған сотталғанның іс-әрекетін тек тұрғылықты жерін тексеру кезінде ғана бақылай алатын болсақ, қазіргі таңда осы құрылғылар арқылы қашықтан бақылау мүмкіндігіне ие болдық, – дейді Хромтау аудандық пробация қызметінің инспекторы Ізбасар Сәт.