Хромтауда полиция жүкті әйелді перзентханаға жеткізді
Хромтау тұрғыны полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
10 сәуірде әлеуметтік желілерде Хромтау қаласының тұрғыны өзінің отбасы атынан полиция қызметкерлеріне алғыс айтқан жазба жариялады. Бұл жазбада автор Хромтаудан Ақтөбе қаласына жеткізіп бара жатқан жүкті келінін ауруханаға жылдам жеткізуге көмектескен Ақтөбе қаласының №2 қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері Асан Абенов пен Серікбай Таймұхановқа шынайы ризашылығын білдірді.
- Келініміз толғатып, Хромтау қаласынан Ақтөбеге жолға шыққан едік. Қала ішінде көлік өте көп болды, ұзақ уақыт кептелісте тұрып қалдық. Қасымыздан өтіп бара жатқан қызметтік көлікке көмек сұрап өтініш білдірдік. Олар сөзімізді жерге тастамай, Ақтөбе медициналық орталығына дейін жол ашып, жылдам жеткізіп тастады, - деп жазды автор.
Ауруханаға аман-сау жеткізілгеннен кейін де, босанушы әйел медициналық қызметкерлерге тапсырылғанша алаңдаған ата-анасының қуанышын бөліскен полиция қызметкерлері өздерінің қайырымдылығымен қуантып, жағдайды бақылауда ұстаған. Кейіннен, келіндері қыз баланы аман-сау дүниеге әкелгені туралы қуанышты хабарды жеткізді.
Полиция қызметкерлері Серікбай Таймұханов пен Асан Абенов бұл жағымды жаңалықты қызметте жүріп естіп, сәбидің аман-сау дүниеге келгені үшін шын жүректен қуанды.
- Қызметте жүрген кезде осындай жағдайдың әлеуметтік желілерде тарайтынын мүлде ойламадық. Ауруханаға жеткізген соң, жарты сағаттан кейін келіншектің жұбайы хабарласып, қыз баланы дүниеге әкелгенін айтып қуанышын жеткізді. Бұл біз үшін ерекше сәт болды, - дейді полиция қызметкерлері.
Әрбір ана мен сәбидің аман-сау, бақытты болуы маңызды екенін түсінетін адал полицейлер, өздері де үш баланың бақытты әкелері екенін атап өтті.