ІІМ 2024 жылы ел бойынша 40 sim-box құрылғысын тәркіледі
ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті отандық ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ел аумағында алаяқтық жасау кезінде пайдаланылатын sim-box құрылғыларын заңсыз қолданудың жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түрлі мессенджерлер арқылы қазақстандықтарға қоңырау шалу үшін интернет-алаяқтар sim-box құрылғыларын пайдаланады.
Бұл қылмыскерлерге әлемнің кез келген бөлігінде жүріп, отандық ұялы байланыс операторларына қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Тек жабдықтың елде болуы және жергілікті ұялы байланыс трафигін пайдалануы жеткілікті.
– Жалпы өткен жылдың қорытындысына сәйкес ел бойынша 40 sim-box құрылғысы тәркіленді, алаяқтарға көмек көрсеткені үшін 20 адам ұсталды. Жеті деректе ұсталғандар ТМД тұрғындары болып шықты.
2025 жылдың басынан бастап Қарағанды облысында үш sim-box құрылғысы тәркіленіп, екі күдікті адам ұсталды. Sim-box құрылғыларымен жасалатын заңсыз әрекеттерді тоқтату жұмыстары жалғасуда. Бұл мәселе ведомствоның тұрақты бақылауында, – деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.