ІІМ: 4 айда шамамен 3,5 тонна есірткі заттары тәркіленді
Ішкі істер министрлігі “Заң мен Тәртіп” қағидаты бойынша есірткі қылмысына қарсы күресті жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- Төрт айда үш мыңға жуық есірткі құқық бұзушылығы анықталды. Оның ішінде 828 сату фактісі бар. Заңсыз айналымнан шамамен 3,5 тонна есірткі тәркіленді: 259 кг синтетика, екі тоннаға жуық марихуана, 303 кг гашиш. 83 есірткі зертханасы жойылды. Алты тоннаға жуық прекурсор тәркіленді. 20 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Заңсыз контенті бар 11 мыңнан астам сайт, сондай-ақ 1 млрд теңгеден астам сомаға 12 мың банк картасы мен шот бұғатталды. 1783 адам ұсталды, оның 669-ы қамауға алынды, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.
Спикердің сөзінше, сәуір айында бірқатар сәтті операция жүргізілді.
Қосшы қаласында Ақмола облысының тумасы ұсталды. Оның автокөлігінен 6,5 кг a-рvр синтетикалық есірткісі тәркіленді. Одан кейін жүргізілген іс-шаралар барысында басқа да күдіктілер - Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары ұсталды. Олардан тағы бір килограмм синтетика тәркіленді.
Астана қаласында Ақтөбе тұрғыны ұсталды. Одан 2,5 кг синтетикалық есірткі тәркіленді.
- Барлық күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - деді Данияр Мейірхан.