ІІМ 70-тен астам ҮЕҰ-ды нашақорлықтың алдын алуға және есірткіге қарсы іс-қимылға тартады
ІІМ-де «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының атқарушы директоры Жандос Ақтаевпен кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Министрдің орынбасары Ержан Саденов айтып өткендей, ІІМ нашақорлықтың алдын алу мәселелерінде 70-тен астам үкіметтік емес ұйымдармен ынтымақтасады. Олардың қызмет спектрі өте ауқымды – іс-шаралар мен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырудан бастап, емдеу курсынан өткен есірткіге тәуелділерді қолдауға дейін.
Полиция еріктілерді есірткі жарнамалары бар граффити-жазуларын анықтау бойынша рейдтерге, интернетке мониторинг жасауға, есірткі насихаттайтын және жарнамалайтын сайттарды анықтауға тартады.
Жыл сайын ҮЕҰ-дың қатысуымен жасөспірімдер мен оқушы жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлыққа қарсы іс-қимыл және осы мәселелерде белсенді азаматтық ұстаным – спорт жарыстары, шығармашылық конкурстар, дәрістер және тағы да басқалар бойынша мыңнан астам іс-шаралар өткізіледі.
26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған республикалық айлықты өткізу кезінде үкіметтік емес сектордың қолдауы ерекше. «Есірткісіз болашақ» қоры сияқты жастар ұйымдарының қатысуының маңызы зор.
Кездесу барысында нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қойылды.
Өз кезегінде Жандос Ақтаев еліміздің тоғыз өңірінде ұйымның филиалдары бар екенін және бүкіл республика бойынша полициямен бірге есірткіге қарсы профилактикалық жұмыс жүргізуге дайын екендігін жеткізді.
Ол Меморандумға қол қою Қор қызметіне жаңа серпін және жастар арасында есірткіге тәуелділіктің таралу проблемаларына қоғамдық назардың неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.