ІІМ: 9 айда 6 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықталды
Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидасын іске асыруды жалғастыруда. Ел бойынша биыл 9 айда 6 мыңнан астам есірткіге қатысты қылмыстық құқықбұзушылық анықталды, оның ішінде шамамен 3 мың қылмыс тіркелсе, оның 1 700-і есірткі сату фактісі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- Заңсыз айналымға 26 тоннадан астам түрлі есірткі түрлері, соның ішінде бір тоннадан астам синтетикалық заттардың түсуіне жол берілмеді. Бұл 11 миллионнан астам бір реттік дозаға тең. Осылайша миллиондаған азаматтардың денсаулығы мен мыңдаған отбасылардың тағдыры қорғалды.
Мақсатты жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 16 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды, оның бесеуі трансұлттық сипаттағы топқа жатады. Осы топтардың басшылары мен белсенді қатысушылары ұсталып, 950 келіден астам есірткі тәркіленді.
12 синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың және 93 каннабис өсірілетін фитозертхананың қызметі тоқтатылды. Есірткі өндіруге пайдаланылған 23 тоннадан астам химиялық заттар мен 17 тонна прекурсор тәркіленді.
Бұдан бөлек, есірткі жарнамасына қатысты 170 қылмыстық іс қозғалып, күмәнді операцияларға қатысы бар 45 мыңнан астам банк шоты бұғатталды. Тұтастай алғанда, бұл шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды.
Есірткі жолына түскен әрбір адам бір нәрсені анық түсінуі тиіс: еш уақытта жазадан құтылу мүмкін емес. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасуда, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан.