Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ Алматы академиясында киберқауіпсіздік саласында байқау өтіп жатыр

Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясында "Интернет – заң кеңістігі" атты киберқауіпсіздікке бағытталған байқау өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараның басты мақсаты – жастардың цифрлық сауаттылығын арттыру, киберқауіпсіздік мәселесіне назар аудару және интернеттегі алдын алу жұмыстарын жандандыру.

Байқауға академия курсанттары, ерікті жастар мен киберволонтерлер қатысты. Жалпы саны 50-ге жуық қатысушы қауіпсіз цифрлық кеңістік қалыптастыру ісіне өз үлестерін қосты.

Байқау бес номинацияны қамтиды:

"Үздік кибергигиена посты" – ең көп қаралым жинаған креативті ақпараттық жазба;

"Үздік бейнеролик" – кең аудиторияға арналған мазмұнды бейнежазба;

"Жылдың АнтиФейкі" – мемлекеттік немесе қаржылық құрылымдар атын жамылып жұмыс істейтін жалған аккаунттарды анықтау;

"Кибер-көмекші" – онлайн және офлайн форматта белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізгені үшін (брошюра тарату, баяндама оқу, әлеуметтік желілерде жазба жүргізу және т.б.);

"Цифрлық ізішар" – алаяқтық схемаларды талдап, интернеттегі сандық іздер арқылы терең зерттеу жүргізу.

Байқау Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан "Заң мен тәртіп" республикалық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бұл бастама – жастардың құқықтық мәдениеті мен цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған мемлекеттік кешенді саясаттың бір бөлігі.

Ұйымдастырушылар байқау барысында киберволонтерлердің ерекше белсенділік танытқанын атап өтті. Олар полициямен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді: фейк аккаунттарды анықтайды, интернет пайдаланушыларға кеңес береді, ақпараттық науқандар мен форумдарға қатысады. Бүгінде олардың цифрлық қауіпсіздікке қосып жатқан үлесі айтарлықтай маңызды.

Сонымен қатар байқау аясында курсанттар ондаған жалған парақшалар мен алаяқтық сайттарды анықтады. Олардың бірқатары жедел бұғатталды. Бұл – жастардың киберкеңістіктегі нақты нәтижелі жұмысын дәлелдейтін көрсеткіш.

- Цифрлық гигиена – бұл әр азамат үшін қажетті дағдыға айналуы тиіс. Бүгінгі жастардың интернет технологияларын терең меңгеріп қана қоймай, оны қоғам игілігіне пайдаланып отырғанын көру – біз үшін үлкен қуаныш. Мұндай бастамалар саналы, цифрлық сауатты ұрпақты қалыптастырады, – деп атап өтті Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының бастығы Қалижан Қобландин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру