ІІМ Алматы академиясының 60 тыңдаушысы науқас балаларға донор болды
ІІМ Алматы академиясының 60 тыңдаушысы науқас балаларға донор болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясының алғашқы кәсіби даярлық тыңдаушылары таңертеңнен бастап науқас балаларды, соның ішінде жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен балалардың емдері үшін қан тапсыруға қалалық қан орталығына келді. Осылайша, олар ЖКО және басқа да күрделі жағдайларда зардап шеккен балаларға көмек көрсетіп, қолдау мақсатында Қазақстандағы қан донорларының қатарын толықтырды.
– Біздің полицияның тәжірибесінде мұқтаж адамдарға қан тапсыру кеңінен қолданылады. Әсіресе, егер бұл біздің балаларымызға қатысты болса. Полицейлер күн сайын әртүрлі оқиғаларға тап болады және зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетеді, сондықтан олар қажетті көмек пен қолдаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Біз бұл акцияны балаларды қорғау күніне орайластырдық. Осындай бастама көтеріп, қызметтік және азаматтық борышын жүзеге асырған тыңдаушыларымызды мақтан тұтамыз, – деп бөлісті Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Жанат Ділбарханова.
Келесі кезеңде, осы қайырымдылық акциясына академияның қалған 200-ге жуық тыңдаушысы қатысады деп жоспарланды, олар да донор болуға ниет білдірді.