Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ Алматы академиясының бейнеролигі “Заң және тәртіп” байқауында үздік атанды

Жуырда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті ұйымдастырған "Заң мен тәртіп" республикалық бейнеролик байқауында ІІМ Алматы академиясының жұмысы үздік деп танылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Байқаудың мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, заңның қоғамдағы рөлін кеңінен түсіндіру және студенттердің шығармашылық әлеуетін қолдау.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 30-дан астам жұмыс ішінен Алматы академиясының бейнеролигі мазмұнының тереңдігімен, идеялық айқындығымен және техникалық сапасымен ерекшеленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін, құқықтық сауаттылықты арттыруды мақсат еткен заманауи форматтағы жұмыстарын ұсынды. Қазылар видеороликтерді мазмұн, көркемдік деңгей және кәсіби орындалу талаптарына сәйкес бағалады.

Байқау қорытындысы бойынша құқық қорғау кафедрасының аға оқытушысы Айым Сұлтанова жетекшілік еткен 2-курс курсанттары 1-орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға марапаттарды Бостандық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Абай Әли салтанатты түрде табыстады.

- Заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның іргетасы. Бұл қағидат тек құқық қорғау органдарына ғана емес, әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік. Біздің курсанттардың жұмысы осы идеяны терең жеткізе алғанына қуаныштымын, – деді ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы бастығының орынбасары Ержан Бимолданов.

Ұйымдастырушылар байқаудың алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасып, құқықтық мәдениетті дамытуға өз үлесін қоса беретінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру