ІІМ: Алматыда бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Ішкі істер министрлігі бопсалау және басқа да ауыр қылмыстарды жасайтын қылмыстық топтардың әрекетінің алдын алу, анықтау және жолын кесу бойынша іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыруда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
3 маусымда Алматы қаласы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті және прокуратура өкілдерімен бірлесіп, бірқатар ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінген адамдар тобын ұстады.
- Олардың бір эпизодында күдіктілер шетел азаматына күш қолданып, қорқыту арқылы оны жалдамалы пәтерде заңсыз ұстағаны және қысым көрсету арқылы бес миллион теңге көлеміндегі қаражатын тартып алғаны анықталды.
Сондай-ақ заңсыз қару сақтау және құқыққа қайшы жанжалдарға қатысу фактілері тіркелді.
25 тінту жүргізіліп, нәтижесінде жеті тапанша, оқ-дәрілер, суық қарулар мен есірткі заттары тәркіленді.
Анықталған барлық фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалды. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, заңға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
ІІМ елдегі, оның ішінде ірі мегаполистердегі жедел ахуал құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында екенін атап өтеді.