Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ ардагері жарты ғасырлық тарихы бар бақытты отбасының сырымен бөлісті

ІІМ ардагері жарты ғасырлық тарихы бар бақытты отбасының сырымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері, милиция үздігі Елемес Шотанов өзін өмірде де, отбасында да жолы болған адам деп есептейді.

Жары Клара Орынбасарқызымен Орал қаласындағы педагогикалық институтта оқып жүрген кезінде танысқан ол, оқуды аяқтағаннан кейін Ақжайықтың аруын қолына қондырып, арайлы Ақтөбеге келін еткен. 

Туған жері Ойылдағы орта мектепте ұстаздық қызметті бірге бастаған жастардың көп ұзамай алғашқы сәбиі Абзал дүниеге келді. Бала тәрбиесінде жас келінге ата-ененің ұлағаты мен тағылым-тәрбиесінің көмегі орасан болған. 

Үш жыл ұстаздық еткеннен кейін Ойыл ауданы ішкі істер бөліміне қызметке қабылданып, кейін адал еңбегінің арқасында Ырғыз, Темір, Шалқар және Әйтеке би аудандарының ішкі істер бөлімдеріне басшылық еткен Елемес Ербазыұлы қызметтік жетістігінде отбасының қолдауының рөлі аса маңызды болғанын айтады. 

– Жарым Клара маған тұрмысқа шыққанда мен полиция қызметкері емес, ұстаз болатынмын. Кейін мен ішкі істер органдарына қабылданғаннан соң қызмет бабымен Ойылдан көшіп, Ырғыз, Әйтеке би, Темір, Шалқар аудандарына қоныс аударуымызға тура келді. Қай жерде жүрсем де отбасым мені қолдап, менімен бірге жүрді. Осылай жүріп бес баланың ата-анасы атандық. Өзіміз ұстаз болғандықтан балаларымызды да тентектігі жоқ,  түсінігі мол, әрі еңбекқор етіп тәрбиелеуге барынша тырыстық. Енді үйреніп келе жатқанда мектеп ауыстыруға тура келіп жатса да, балаларымыз түсіністік танытатын, – дейді ардагер.

Елемес Ербазыұлының айтуынша, отбасы – үлкен жауапкершілік және ер адам ешуақытта осы жауапкершілікті естен шығармауы керек. Әсіресе, сәбилерінің алдындағы жауапкершілікті полицей-әке әрдайым сезінген. Қылмыс – уақыт пен ауа райына қарап жасалмайтындықтан, үйге қай кезде келсе де жылы қабақ таныта білген жарына үй шаруасы мен бала тәрбиесінде барынша көмек көрсетуге тырысқан. 

Бүгінде Елемес Шотанов пен жары Клара Абулкасованың шаңырақ көтергеніне жарты ғасырға жуық уақыт болған. Осы бақытты жанұялық жылдарында 5 бала тәрбиелеп өсірген жарасымды жұп бүгінде 13 немеренің сүйікті ата-әжесі. 

– Қазір отбасын құрып жатқан жастарға айтарым – отбасында, ең бастысы, бір-біріңе түсіністік танытып, қолдау білдіру керек. Сонымен қатар қанағат керек. Адал еңбегіңмен тапқан табысыңа шүкіршілік ете білу қажет. Қандай жағдай болса да, бір-бірінен ештеңені жасырмай, қиындықтарға төзе білген отбасы қашан да бақытты. Бүгінде балаларым мен немелерімнен де әрдайым бір-бірімізге шындықты айтуға, қателік жасаса  да оны жасырмауға үйретемін. Бір-бірімізге сеніп, отбасымен барлығын бірлесіп шешеміз, – дейді ІІМ ардагері Е.Шотанов. 

Елемес Ербазыұлының екі ұлы әке жолын қуып, құқық қорғау саласын таңдаған. Үлкен ұлы полиция полковнигі Абзал Шотанов  ІІО саласында абыройлы қызмет етіп, Ақтөбе облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымынан  зейнетке шықса, кіші ұлы Асхат Шотанов Астана қаласы полиция департаментінде аға криминалист. Басқа ұл-қыздары мұнайшы, металлург, банк қызметкері мамандықтары бойынша еңбек етуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру