ІІМ балаларды “Менің полициям” видеобайқауына қатысуға шақырады
Ішкі істер министрлігі “Менің полициям” балалар байқауын жариялайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Байқау дарынды әрі талантты балаларды қолдауға, оларды полицияның қызметіне бағдарлауға, қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға бағытталған. Үздік үш видеоның авторлары құнды сыйлықтармен марапатталып, олардың жұмыстары ведомствоның 300 мыңнан астам жазылушысы бар Instagram-парақшасында жарияланады.
Байқау тақырыптары:
– “Мен полиция болғым келеді”
– “Қауіпсіз қоғам балалар көзімен”
– “Жас жол сақшылары”
Қатысушылар жоғарыдағы тақырыптардың бірін таңдап, вертикалды форматта (reels) бір минуттық видео түсіруі керек.
Байқауға 6 жастан 12 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Қатысушылар байқау жұмыстарын 1 желтоқсанға дейін (видео және өзі туралы ақпаратты: аты-жөні, жасы, өңір, таңдаған тақырыбы мен байланыс телефоны) mvd_kontent@mail.ru электронды поштасына жолдауы қажет.
– Өз қабілетіңізді көрсету мүмкіндігін жіберіп алмаңыз! – деп атап өтті ведомство өкілдері.