Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ басшылығы Финляндия Парламентінің депутаттарымен кездесті

ІІМ басшылығы Финляндия Парламентінің депутаттарымен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

25 қарашада Финляндия Парламентінің парламентаралық тобының делегациясы Қазақстанға келді. Фин делегациясы елімізге сапар барысында ІІМ басшылығымен кездесуге ниет білдірді. Кездесудің мақсаты – ҚР ІІО-да жүргізіліп жатқан реформаны талқылау болды.

Шетелдік қонақтармен Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев, Кадр жұмысы департаментінің бастығы Ораз Жолдасов, штаб бастығының орынбасары Әлия Дүйсекова және Тергеу департаментінің өкілі Рахымбай Кохаев кездесті.

Министрдің орынбасары дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері Қазақстан мен Финляндия арасындағы ынтымақтастық өзара түсіністік, сенім және достық атмосферасында дамып келе жатқанын атап өтті.

Біз біржақты тәртіпте сіздің еліңіздің азаматтары үшін Қазақстанға визасыз 30 күн ішінде келуге және болуға құқық бердік. Мұның бәрі біздің мемлекеттер арасындағы әріптестік табысты дамып келе жатқандығын білдіреді. Қазақстанда қылмысқа қарсы іс-қимылдың тиімді мемлекеттік тетігі құрылды. Ішкі істер органдарының жүйесін Полиция, Ұлттық ұлан және Қылмыстық-атқару жүйесі ұсынады, – деді М.Қожаев.

Сондай-ақ ІІМ басшылығы шетелдік делегацияны ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі бағдарламаның іске асырылу барысымен таныстырды.

– Құрылымы оңтайландырылды, қызметкерлер саны қысқартылды. Артық басқару буындары мен басшылық лауазымдар жойылды. Нәтижесінде 100 мың тұрғынға шаққанда полицейлер саны 471-ден 372-ге дейін азайды. Полиция қызметін бағалау жүйесі қайта қаралды. Азаматтардың қауіпсіздігі мен халықтың сенім деңгейі негізгі критерий ретінде айқындалды. Осы бағытта тәуелсіз институттар әлеуметтану зерттеулерін жүргізеді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылуда. Халықпен, өңірлердің, аудандардың тұрғындарымен есептік кездесулер өткізіледі. Азаматтарды қабылдау жүзеге асырылады. Барлық жұмыстар халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, заңдылық пен әділеттілік қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған, – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ Қожаев министрлікті қайта құрудың мақсаты – бюрократиялықтан адамға бағытталған жұмыс моделіне көшу екенін атап өтті. Оның айтуынша, полиция қызметін бюрократиядан арылту бойынша шаралар қабылдануда, қызметкерлерге артық жүктеме тудыратын өзекті емес нормалар жойылады, сондай-ақ жұмыс процестерін автоматтандыру және цифрландыру, полицияға тән емес және қайталанатын функцияларды алып тастау жүзеге асырылады.

– Қызметтің барлық салаларында ғылым мен деректермен жұмыс істеудің проблемалық-бағдарланған тәсілдері енгізілуде. ЭЫДҰ елдерінің мысалында тергеу процесі жетілдірілуде. Қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделі енгізілді: полиция материалдарды жинайды, прокурор іс жүргізу шешімдерін қабылдайды және сот үкім шығарады. «Көрсеткіштер үшін жарыс» шарттары алынып тасталады. Негізгі критерий іс бойынша шындықты анықтау. Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне ревизия жүргізілуде, оның шеңберінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін нормалар жетілдіріліп жатыр, – деп сөзін толықтырды Қожаев.

Қазақстан ІІМ, БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропалық Одақ шеңберінде және басқа да халықаралық форматтарда қылмысқа қарсы күрес саласындағы конвенцияларды, бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға белсенді қатысатыны атап өтілді. Жалпы, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық пен өзара байланыс негізінде біз қылмысқа қарсы күрес саласында өзара іс-қимыл жөніндегі 90-нан астам халықаралық шарттарды қолданамыз.

Бүгінгі таңда біз Германия, Франция, Қытай, АҚШ, Түркия, Италия, Чехия және ТМД елдерінің полиция ведомстволарының өкілдерімен тығыз жұмыс істейміз. Ынтымақтастық аясында біз қылмыскерлерді іздестіру бойынша ақпаратпен, қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіп-қатерлерге қарсы күресте оң тәжірибемен алмасамыз. Сонымен бірге бізді Финляндия полициясының тәжірибесі қызықтырады. Біздің әріптестерімізге сіздің еліңіздің  90%-нан астамы сенетінін білеміз. Бұл азаматтармен жұмыс жоғары кәсіби деңгейде атқарылатынын айғақтайды, – деді Қожаев.

Марат Қожаев сөз соңында ІІМ Финляндияның құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі ұсыныстарды қарауға әрдайым ашық екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру