ІІМ басшысы: алыс жолға шығу әлі де қауіпті
Автожолдардағы жағдай әлі де күрделі. Қазақстанның 10 облысында күрделі метеорологиялық жағдайлар байқалады,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Қолайсыз жағдайларға байланысты Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды автожолдарға әзірге жолға шықпауға және ауа райы мен трассалардың жай-күйі туралы хабарламаларды қадағалауға шақырды.
Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысындағы жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Алдағы тәулікте де жел күшейіп, боран соғуы, температураның төмендеуі күтілуде.
«Эвакуациялық-құтқару жұмыстарына 2 мыңға жуық полиция, ТЖ және Ұлттық ұлан қызметкерлері тартылды. Қиын жолдардан өту мүмкіндігі жоғары 700-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Барлық жұмыстар ауа-райының күрделі жағдайында жүргізілуде. Сондықтан азаматтар өз қауіпсіздігі үшін елді мекендер арасындағы автожолдар бойынша жол жүруден бас тартуы керек. Осындай қолайсыз жағдайда өз-өзіне тым сенімді болып жолға шығу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін», – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
26-27 қаңтарда қабылданған шаралар нәтижесінде 2 000-нан астам адам, оның ішінде жүздеген бала құтқарылды және эвакуацияланды. Қар құрсауынан 1400 бірлік техника шығарылды.
Жекелеген жүргізушілер бекеттерді айналып өтіп, өздерінің ғана емес жолаушылардың да өмірлерін қатерге тігетіні атап көрсетілді. Бұлай істеуге мүлде болмайды.
«Төтенше жағдайларға тап болмас үшін ІІМ азаматтардың хабарламаларға құлақ асуы және ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар қызметкерлерінің нұсқауларын орындауы талап етеді», деп атап өтті ІІМ басшысы.
Жергілікті атқарушы органдарға қажет болған жағдайда эвакуациялық пункттер мен жылыну орындарын және тамақтану орындарын ашу шараларын қабылдау ұсынылды.
Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғастырылуда. Жабылған жолдар туралы ақпарат әрбір 2 сағат сайын жаңартылып отырады.