ІІМ басшысы мәжілісте учаскелік полиция инспекторының мәртебесін арттыратын заң жобасын ұсынды
ІІМ басшысы мәжілісте учаскелік полиция инспекторының мәртебесін арттыратын заң жобасын ұсынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында депутаттар Ішкі істер министрі ұсынған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.
Атап айтқанда, «ҚР Ішкі істер органдары туралы» заңға учаскелік полиция инспекторларына құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептерді жою туралы ұсыныс енгізуге өкілеттік беретін, сондай-ақ учаскелік көмекшінің мәртебесін бекітетін түзетулер ұсынылады.
Естеріңізге салсақ, ел Президенті учаскелік инспектордың мәртебесін заңды түрде көтеруді және оған тиімді жұмыс істеу үшін қажетті өкілеттіктерді беруді тапсырған болатын.
Бүгінде учаскелік инспекторларға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында үлкен міндеттер жүктелгені белгілі. Олар азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, қоғамдық, жол қауіпсіздігі, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа да мәселелерді шешуге қатысады.
Түзетулер құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларға жедел жою үшін учаскелік инспекторларға жеке және заңды тұлғаларға тиісті ұсыныстарды дербес енгізуге құқық беруді көздейді. (Қазіргі уақытта мұндай ұсыныстарды енгізуге полиция органының бастығы ғана құқылы).
Бұдан басқа, ұсынылған заң жобасында қызметтің ажырамас буыны ретінде учаскелік инспектордың көмекшісі мәртебесі бекітіледі. Көмекшінің болуы әсіресе ауылдық жерлерде өте маңызды, мұнда учаскелік полиция қызметкері биліктің жалғыз өкілі болып табылады және көбінесе полиция бөлімшелерінен едәуір қашықта бірнеше елді мекенге қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар, бүгінде көмекші сотқа дейінгі тергеу бойынша процессуалдық шешімдер қабылдауды қоспағанда, учаскелік полиция қызметкерінің барлық өкілеттіктеріне ие.
Тұтастай алғанда, түзетулерді қабылдау учаскелік инспекторларға қосымша өкілеттіктер беруге және олардың жұмысының тиімділігін арттыруға, екінші кезектегі жұмыстан босатуға және негізгі міндеттерді орындауға шоғырландыруға мүмкіндік береді.
ІІМ басшысы жергілікті полиция қызметін реформалау аясында «біздің негізгі міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан біз полицияның ұлттық сервистік моделінің басты тұлғасы – учаскелік инспектордың тиімді жұмысы үшін барлық жағдайды жасауды жалғастырамыз»– деді.