ІІМ басшысы Сенатта учаскелік полиция инспекторының мәртебесін арттыратын заң жобасын ұсынды
ІІМ басшысы Сенатта учаскелік полиция инспекторының мәртебесін арттыратын заң жобасын ұсынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында депутаттар Ішкі істер министрі ұсынған «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс және ішкі істер органдары қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қарады.
Атап айтқанда, «ҚР Ішкі істер органдары туралы» Заңға учаскелік полиция инспекторларына құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептерді жою туралы ұсыныс енгізуге өкілеттік беретін, сондай-ақ учаскелік көмекшінің мәртебесін бекітетін түзетулер ұсынылды.
Дауыс беру барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары заң жобасын қолдады.
Естеріңізге сала кетейік, ел Президенті учаскелік инспектордың мәртебесін заңды түрде арттыруды және оған тиімді жұмыс істеу үшін қажетті өкілеттіктерді беруді тапсырған болатын.
Бүгінде учаскелік инспекторларға қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында кең ауқымды міндеттер жүктелгені белгілі. Олар азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, қоғамдық тәртіп, жол қауіпсіздігі, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа да мәселелерді шешуге қатысады.
Енгізілетін түзетулер құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жедел жою үшін учаскелік инспекторға жеке және заңды тұлғаларға тиісті ұсыныстарды дербес енгізуге құқық беруді көздейді.
Бұдан басқа, ұсынылған заң жобасында қызметтің ажырамас буыны ретінде учаскелік инспектордың көмекшісі мәртебесі бекітіледі. Көмекшінің болуы, әсіресе ауылдық жерлерде өте маңызды, мұнда учаскелік полиция қызметкері биліктің жалғыз өкілі болып табылады және көбінесе полиция бөлімшелерінен едәуір қашықтықта бірнеше елді мекенге қызмет көрсетеді.
Айта кетер жай, қазіргі уақытта учаскелік инспектордың көмекшілері сотқа дейінгі тергеу бойынша процессуалдық шешімдер қабылдауды қоспағанда, учаскелік полиция қызметкерінің барлық өкілеттіктерін атқарып жүр.
Тұтастай алғанда, түзетулерді қабылдау учаскелік инспекторларға қосымша өкілеттіктер беруге және олардың жұмысының тиімділігін едәуір арттыруға, учаскелік полиция қызметкерлерін екінші деңгейдегі жұмыстардан босатуға және сол арқылы негізгі міндеттерді орындауға көбірек ден қоюына мүмкіндік береді.