Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де 6 айдың жұмысы қорытындыланды

Алқа отырысына орталық аппарат және аумақтық полиция бөліністерінің, ведомстволық оқу орындарының және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің басшылары қатысты. Жиында ішкі істер органдарының жедел қызметтік нәтижелері айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елімізде қылмыстың төмендеуі байқалады. Мысалы:

– денсаулыққа ауыр зиян келтіру 2%-ға;

– ұрлық 29%-ға;

– мал ұрлығы 33%-ға;

– тонау 20%-ға азайды.

Қылмыстардың ашылуы да жақсарды.

Қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жеке қаралды. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 1,3 млн бейнебақылау камерасы жұмыс істейді, оның ішінде 291 мың камера полицияның жедел басқару орталықтарына және кезекші бөлімдеріне қосылған. Олардың көмегімен жыл басынан бері бес мыңнан астам қылмыс және 324 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Автоматты тіркеу жүйелерімен 3,9 млн жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі тіркелді.

Ішкі істер министрлігімен «Қорғау» бағдарламасы әзірленген болатын. Ол полицияға жолда өрескел заң бұзатын жүргізушілерді анықтауға және олармен алдын алу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай бағдарлама барлық 20 аймақта қолданылады. Биыл «Қорғаудың» көмегімен 339 мыңнан астам көлік құралы тексеріліп, 20 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Тоғыз мыңға жуық автокөлік айыппұл тұрағына қамалды. Жалған нөмірлі 173 көлік анықталды. Сонымен қатар полиция жүргізушілер тәртібін нығайту бойынша шаралар қабылдады. Алты айда 12 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталып, жүргізу құқығынан айырылды.

Ведомство «SOS» батырмаларын орнату жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгінгі таңда республика бойынша 284 құрылғы жұмыс істейді. Оларда да бейнебақылау камерасы бар. Бұл – алдын алу мен қауіпсіздіктің тиімді құралы. Жалпы мұндай түймелер қылмыс деңгейін төмендетуге және қала тұрғындары мен туристердің өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.

ІІМ жұмысының негізгі бағыттарының бірі есірткі қылмысына қарсы күрес болып табылады. Жыл басынан бері осы бағытта полицейлер тоғыз мыңнан астам алдын алу шарасын жүргізді. Алты айда төрт мың есірткі құқық бұзушылығы анықталды, оның ішінде 1600-ден астамы қылмыс. Заңсыз айналымнан 17 тоннадан астам есірткі, оның ішінде 355 кг синтетика тәркіленді. 31 жасырын есірткі зертханасы жойылды.

Интернет- пен телефон-алаяқтықтарына қарсы іс-қимыл қаралды. Мүдделі мемлекеттік органдармен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлер арқылы шетелден жасалатын қоңырауларға тосқауыл қойылды. Байланыс операторларының деректер базасын интеграциялағаннан бері 58 млн қоңырау бұғатталды (2022 жылдың қарашасынан). Жалпы алты ай ішінде осы бағытта қабылданған шаралардың нәтижесінде алаяқтар елден шығармақ болған 380 млн теңгеден астам қаражат тоқтатылды.

Министр қылмысқа қарсы күресті күшейтуді, алдын алуды жұмысын жандандыруды, азаматтарды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауды тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру