ІІМ-де балаларды қорғау күні атап өтілді
Бүгін Қазақстанда балаларды қорғау күні атап өтіліп жатыр. Мерекеге орай ІІМ-де үлкен іс-шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков қонақтарға ізгі тілегін айтты.
– Бұл сіздердің күндеріңіз. Мерекелеріңізбен құттықтаймын. Бүгінгі шара сіздер үшін. Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болсын! – деді Айдар Сайтбеков.
Балаларға арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Түрлі костюм киген аниматорлар ведомство алаңында кішкентай қонақтардың көңілін көтерді. Бүлдіршіндер пониге мініп, қызметтік иттердің өнерін қызықтады.
Полиция қызметкерлері қызметтік техниканы, патрульдік көліктерді көрсетті. Жаздың алғашқы күні жеткіншектерге керемет көңіл күй сыйлады.