ІІМ-де беларусьтік әріптестермен кездесу өтті
Беларусь ІІМ делегациясының Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне сапары аясында екі елдің министрлері Марат Ахметжанов пен Иван Кубраковтың кездесуі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Министрлер өзара бірлескен жұмыс, іс-қимылдардың нәтижесі мен алдағы жоспарларды талқылады.
«Қазақстан мен Беларусь әрдайым достық қарым-қатынаста, саяси және экономикалық тығыз байланыста. Екі елдің арасында түрлі салаларда 100-ге жуық екіжақты келісімдер жасалды, олардың негізгісі достық пен ынтымақтастық туралы шарт болып табылады. Елдеріміздің ішкі істер органдары арасында да ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілді. Жақсы нәтиже беретін бірлескен тиімді іздестіру жұмыстары жолға қойылды», – деп атап өтті Қазақстан ІІМ басшысы Марат Ахметжанов.
Министрлер екі елдегі полиция ынтымақтастығының жоғары деңгейін ерекше атап өтті. Екі жақты келісім аясында халықаралық құрылымдар шеңберіндегі жедел-қызметтік жұмыстардың кез-келген бағыты бойынша бірлесе атқарылған іс көп.
Беларусьтің ішкі істер министрі Иван Кубраков қазақстандық тәртіп сақшыларын марапаттады. Ол Маңғыстау облысы ПД Мұнайлы аудандық патрульдік қызметінің қызметкерлері Мақсат Қадырбай мен Жанболат Тәжібаевқа қиын жағдайда Беларусь азаматына көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, жазда патрульдік полиция қызметкерлері түнгі кезекшілік кезінде жол жиегінде отырған ер адамды байқап, одан «көмек керек пе» деп сұрады. Белгілі болғандай, саяхатшы Беларусьтен Ақтауға жаяу шыққан. Ол теңізді көргісі келген. Жолда ер адам қаржылық қиындықтарға тап болған. Полицейлер саяхатшыны қиын сәтте қалдырмай, оны қонақ үйге орналастырып, тамақтандырып, ал келесі күні теңіз жағасына апарып тастаған.
Иван Кубраков офицерлердің әрекетін жоғары бағалайтынын атап өтті. Министр полицейлерді Беларуське шақырып, оларды көруге әрқашан қуанышты болатынын айтты.
Сондай-ақ Беларусь ІІМ делегациясы сапар барысында қылмыстың алдын алуға және ең осал бағыттар бойынша нақты профилактика жүргізуге мүмкіндік беретін Қазақстан полициясының жаңа талдау жүйесімен танысты.
Елордалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында қонақтарға тұрғындардың полициямен байланысы, құқық бұзушылықтың жолын кесу және қылмысты ашуға арналған «102» қосымшасы, көшелер мен қоғамдық орындарда орнатылған «дабыл түймесінің» мүмкіндіктері көрсетілді.
Беларусь тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтайтын ҚР ІІМ-нің жаңа «Қорғау» және кадрлық жұмыстарды автоматтандырған «Е-кадрлар» жүйелеріне ерекше мән берді. Сондай-ақ тергеу, прокуратура және сот органдарының өкілеттіктерін нақты бөле отырып, қылмыстық процеске енгізілген үш буынды модельдің жұмысын көрді.