Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де ЕҚЫҰ өкілдерімен кездесу өтті

ІІМ-де ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ЕҚЫҰ өкілдерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.

Қатысушылар адам құқықтарын сақтау, адам саудасына қарсы күрес, киберқылмысқа, экстремизмге қарсы іс-қимыл, сондай-ақ басқа да бірқатар маңызды бағыттар бойынша өзара іс-қимыл саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Марат Ахметжанов ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан реформалар, полиция жұмысының сервистік моделін енгізу және тұтастай алғанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылып жатқандығы жайында әңгімеледі.

Ол ел Президентінің адам құқықтарын қамтамасыз етуге, құқық қорғау қызметін жетілдіруге ерекше назар аударатынын атап өтті және осы саладағы халықаралық стандарттарды сақтау жөніндегі жұмыс туралы айтып берді.

ІІМ өз қызметінің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқаны атап өтілді. Құрылым оңтайландырылды, қызметкерлер саны қысқарды, артық басқару буындары мен басшылық лауазымдар жойылды.

Полиция қызметін бағалау жүйесі қайта қаралды, оның негізгі критерийі қазіргі уақытта азаматтардың қауіпсіздігі мен халықтың сенім деңгейі болып табылады. Барлық жұмыстар халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруға, заңдылық пен әділеттілік қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған.

Министрлік басқа да күрделі өзгерістер жүргізуде. Негізгі мақсат – бюрократиядан адамға бағытталған жұмыс моделіне көшу.

Автоматтандыру және цифрландыру арқылы ішкі жұмыс процестерінің тиімді жүйесі құрылуда. Полиция қызметін бюрократиядан арылту жұмыстары жүргізілуде. 

– Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне ревизия жүргізілуде, оның шеңберінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету нормалары жетілдірілуде. Министрлік қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзірлеуде. Басты басымдықтар – халықпен сындарлы диалог, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне бірлесіп қатысу, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Соңында қатысушылар ынтымақтастықтың басымдықтары мен перспективалары туралы пікір алмасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру