Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де кеңейтілген алқа отырысы өтті

Барлық өңірлік бөліністер басшыларының қатысуымен ІІМ алқасының отырысы өтті. Жиында І тоқсанның жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңге басым міндеттер айқындалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомство Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамда "Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайтуды жалғастыруда. 2025 жыл Ішкі істер органдарында профилактика жылы болып жарияланды.

- Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстар саны 13%-ға азайды, оның ішінде кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, ұрлық, тонау, қарақшылық және бұзақылық саны төмендеді. Қоғамдық орындарда және көшелерде жасалған құқық бұзушылықтар азайды, - деп жазды Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Үш тоннадан астам есірткі тәркіленіп, 69 есірткі зертханасы жойылды.

Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл - ведомствоның негізгі міндеттерінің бірі. Қылмыстың осы түрінің алдын алуға, ашуға және жолын кесуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануда. Нәтижесінде соңғы бес жылда Қазақстанда мал ұрлығының саны тұрақты түрде төмендеп келеді, оның ішінде жыл басынан бері 26%-ға азайды.

Министр ерекше назар аударуды қажет ететін бағыттарды да атап өтті.

- Анықталған интернет-алаяқтық фактілерінің өсуі тіркелді - 5,5 мыңнан астам дерек. Бұл полицияның белсенді аналитикалық және жедел жұмысының да нәтижесі. Қылмыстық схемаларда пайдаланылған 14 мың интернет-ресурс және 15 мыңнан астам банктік шот бұғатталды.

Кейбір жасөспірімдердің себепсіз агрессия белгілері бар құқыққа қайшы әрекеттерін де бей-жай қалдыруға болмайды. Осыған байланысты жастармен жүргізілетін профилактикалық шараларды күшейтіп, білім беру мекемелерімен және ата-аналармен өзара тығыз іс-қимылды қолға алуды тапсырдым, - деді Ержан Саденов.

Жол-көлік оқиғалары да алаңдаушылық тудырады. Үш айда алты мыңнан астам апат болған. Бұл ретте қаза тапқандардың саны 4%-ға төмендеген.

- Жол қозғалысына қатысушылардың тәртібі мен құқықтық санасын арттыруға бағытталған  шараларды жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылықты белсенді тарта отырып, алдын алу жұмыстарын күшейту міндеті қойылды. Тек бірлесіп қана біз жағдайды өзгерте аламыз, - деді министр.

Сондай-ақ ІІМ басшысы өңірлік департамент бастықтарына:

  • Цифрлық технологиялар мен бейнебақылау мүмкіндіктерін белсенді пайдалануды;
  • Барлық аудандық бөліністерде жедел басқару орталықтарын құруды жалғастыруды;
  • Қылмыстарды, оның ішінде бұрын жасалғандарды ашу сапасын күшейтуді;
  • Жеке құрам арасында заң мен тәртіпке ерекше назар аударуды тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру