ІІМ-де "Менің полициям" видеобайқауының жеңімпаздары марапатталды
Ішкі істер министрлігінде "Менің полициям" республикалық балалар байқауының жеңімпаздары марапатталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство басшысы Ержан Саденов өңірлерден келген оқушыларға жылы лебізін білдіріп, болашақтарының жарқын болуын тіледі.
- Қош келдіңіздер! Сіздермен кездескеніме өте қуаныштымын. Биыл алғаш рет видеобайқау жариялаған болатынбыз. Полиция - мемлекеттегі заңды қорғаушылардың бірі. Осы конкурсқа қатысқандарыңыз біз үшін мақтаныш, біз үшін қуаныш, - деді министр.
"Мен полиция болғым келеді" номинациясы бойынша Ақтөбе облысының №61 мектеп оқушысы Ақзер Жазимова, "Қауіпсіз қоғам балалар көзімен" номинациясы бойынша сол өңірдің №34 мектеп оқушысы Нұрсұлтан Тұрар, "Жас жол сақшысы" номинациясы бойынша Қарағанды облысынан Бақдәулет Ағзам топ жарды.
Кішкентай қонақтарға, олардың ата-аналары мен ұстаздарына министрлікте үлкен экскурсия ұйымдастырылды. Олар мұражайда және жедел басқару орталығында болды. Одан бөлек, ЖҚАЖ жауынгерлері мен қызметтік иттердің өнерін тамашалады.