Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі штаб отырысы өтті

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленовтың төрағалығымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру бойынша ведомствоаралық штабтың отырысы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Штаб жұмысына есірткіге қарсы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын барлық мемлекеттік органдардың басшылық өкілдері қатысты.

Бауыржан Әленов нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес полиция ведомствосы мен Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Отырыста 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өңірлік ведомствоаралық штабтардың жұмысы мен 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай өткізілген есірткіге қарсы айлықтың қорытындылары қаралды.

Жасөспірімдер арасындағы есірткі қылмыстары мәселесіне ерекше назар аударылды. Алты айда 38 жасөспірім ұсталған – бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға көп. Ең көп құқықбұзушылықтар Астана және Алматы қалаларында тіркелген.

Есірткі жарнамасы бар граффити жазулармен күреске ерекше мән берілді. Астана, Шымкент және Қостанай қалаларында коммуналдық қызметтер мен цифрлық шешімдерді (“Smart Astana” қосымшасы) пайдалану арқылы тиімді тәжірибе қалыптасқаны атап өтілді.

Бостандыққа шыққан азаматтарды қайта әлеуметтендіру мәселесі де көтерілді. Оларды бақылау, жұмысқа орналастыру, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету сынды арнайы шараларды жүргізудің маңыздылығы айтылды.

Жиын соңында 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің кешенді жоспарының жобасы таныстырылды. Жоспар есірткіге тәуелділікті азайтуға, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуға және есірткіге қарсы жұмыстардың тиімділігін арттыруға бағытталған 100-ден астам іс-шараны қамтиды.

Нақты мерзімдер, жауапты органдар және бақылау тетіктері көрсетілген маңызды шешімдер қабылданды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру