ІІМ-де Қоғамдық кеңестің жаңа құрамымен бірінші отырыс өтті
Ішкі істер министрлігінде ведомство жанындағы қоғамдық кеңестің жаңа мүшелері таныстырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтық қоғам өкілдері енді түрлі салада полициямен бірге етене жұмыс істейтін болады.
– Жалпы кеңестің жұмысы, оның негізгі мақсаты – жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау, халықпен кері байланыс орнату. Былай айтқанда, енді қоғам мен ішкі істер органдары, мемлекеттік мекемелер арасында көпір болу, - деді ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Жалпы қоғамдық кеңестің жұмысы үш жылға жалғасады. Одан кейін құрам өзгертіліп отырады. Бұған дейінгі кеңес те ішкі істер органдарында маңызды мәселелерді көтеріп, өз қызметтерін қорытындылаған болатын.
Жаңа кеңестің құрамында азаматтық қоғамның 23 өкілі және министрліктің 7 өкілі бар. Кеңес төрағасы болып Бақтияр Мәкен сайланды. Іс-шара барысында кеңес мүшелеріне арнайы куәлік табысталды.