Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ-де "Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері" тақырыбында Үкімет сағаты өтті

ҚР Ішкі істер министрлігінде Мәжіліс депутаттарының қатысуымен Үкімет сағаты өтті. Іс-шара барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті сақтау саласына цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ішкі істер министрі қылмыс деңгейін төмендетуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейтуге, есірткі және киберқылмыстармен күреске, жолдағы қауіпсіздікті арттыруға, сондай-ақ азаматтық қоғаммен әріптестікті дамытуға бағытталған кешенді шараларды таныстырды.

9 айдың қорытындысы бойынша қылмыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6 мыңға азайды.

- Қылмыс — бұл әлеуметтік құбылыс, сондықтан оны тұрақты түрде төмендету үшін барлық мемлекеттік орган мен қоғамның күш-жігері қажет. Мұндай ұстанымдар қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасында қарастырылған, — деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.

Профилактикалық жұмысқа ерекше көңіл бөлінеді. Алдын алу шараларының нәтижесінде қоғамдық тәртіпті бұзудың 15%-ға көп дерегі тоқтатылды.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыру аясында Ішкі істер министрлігі жасанды интеллектті қоса алғанда, цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп жатыр.

- Бүгінде тергеу жұмыстарына жасанды интеллекті бар цифрлық көмекші енгізілуде. Ол алынған жауаптарды талдауды автоматтандырады, қарама-қайшылықтарды анықтайды және тергеу мерзімін қысқартуға көмектеседі, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Тергеліп жатқан барлық істер бойынша азаматтарға 40 миллиард теңге көлемінде келтірілген залал өтелді.

Қоғамдық орындардағы тәртіпті қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бейнебақылау жүйесі кеңейтіліп, дабыл түймелері мен стационарлық бекеттер орнатылуда. Камералардың көмегімен қылмыстардың 58%-дан астамы ашылып, 523 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Бұл ретте басты назар айыппұл салуға емес, құқық бұзушылықтарға төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға аударылуда.

Есірткі қылмысына қарсы белсенді күрес жалғасуда. Жыл басынан бері айналымға 26 тоннадан астам есірткі заты, соның ішінде 1 тоннадан астам синтетикалық есірткі жіберілмеді. Синтетикалық есірткі өндірісімен айналысқан 16 ұйымдасқан қылмыстық топ пен 12 есірткі зертханасы жойылды.

Киберқылмыс та айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Жалпы қылмыс құрылымындағы интернет-алаяқтықтың үлесі 26%-ды құрайды. Бұл салада 7 халықаралық және 5 ішкі call-орталықтың қызметі тоқтатылып, 4 531 фишингтік сайт бұғатталды, 67 миллион алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді.

Маңызды бағыттардың бірі – жол қауіпсіздігі. Есепті кезеңде 19 мың мас жүргізуші ұсталып, жол қозғалысы ережелерін бұзудың 11 миллионнан астам дерегі анықталды. Апаттық-қауіпті учаскелерде дрондар, мобильді кешендер және "Қорғау" жүйесі белсенді қолданылуда.

Қылмыстың алдын алуға студенттік жасақтар, қоғамдық көмекшілер, консьерждер, жергілікті қауымдастықтардың өкілдері қатысуда. Алдын алу субъектілерінің ауқымы кеңейіп, әкімдер мен жергілікті атқарушы органдардың рөлі күшейтілуде. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы артып, заңға бағыну мәдениеті өсуде. Адамдардың жауапкершілігі артып, құқық бұзушылықтар туралы белсенді хабарлауда.

Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы арнайы Заң әзірленді, ол барлық мемлекеттік органның бірлескен жауапкершілігін енгізеді. Жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігі жыл сайынғы Ұлттық есепте көрсетіледі.

Ішкі істер министрлігі атап өткендей, қылмысты тұрақты түрде төмендету тек барлық мемлекеттік құрылымдардың және белсенді азаматтардың күш-жігерін біріктіру арқылы мүмкін. Бірлескен жұмыс елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Заң мен тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру