ІІМ-де студенттермен кездесу өткізілді
Ішкі істер министрлігінде Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің екінші курс студенттеріне экскурсия өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
30-дан астам болашақ жас маманға ведомствоның жедел-криминалистикалық департаментінің молекулярлық зертханасы көрсетілді. Мұнда ДНҚ-сараптамалары, талдау мен зерттеулер жүргізіледі. Одан кейін баллистикалық тексеру қалай жүргізілетіні түсіндірілді. Саусақ іздері, айғақтар мен дәлелдемелер қалай жиналатыны туралы айтылды.
Сонымен қатар қыз-жігіттер мұражай мен жедел басқару орталығында болды. Қонақтар Ішкі істер органдарының тарихымен, тәртіп сақшыларының күнделікті жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.
Іс-шара соңында студенттер Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовпен кездесті. Полиция генерал-майоры жастарға жол сілтеп, білікті де білгір маман иесі атануды тіледі.