ІІМ-де жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттады
ІІМ-де жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Егеменді еліміздің ата заңы – Конституция күні қарсаңында 256 ішкі істер органдарының қызметкері Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» және «Қазақстан халықтары ассамблеясына 25 жыл» мерейтойлық медальдерімен наградталды.
– Ширек ғасыр ішінде Қазақстанның Конституциясы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің символына айналды. Бүгінде бүкіл құқықтық жүйенің өзегі болған ата Заңның және Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың талаптарына сәйкес, біз елдегі қылмысқа қарсы күресте ІІМ-нің барлық қызметтері мен бөлімшелерінің жұмысын жоғары деңгейде, жаңа форматта ұйымдастырып, «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын іске асыруымыз қажет, – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Құқық пен заңдылықты сақтаудың алғы шебінде тұрған ішкі істер органдары қызметкерлерінің өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқаруы – бұлжымайтын қағида. Бүгінде ішкі істер органдары заң үстемдігін, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қалтқысыз қамтамасыз етудегі өз міндеттерін қалтқысыз атқаруда», деп атап өтті ведомство басшысы.
Қазақстан полициясының тарихында бейбіт азаматтардың тыныштығы үшін өмірлерін қиған қызметкерлеріміздің ерлігі, қайсарлығы мен батырлығының көптеген мысалдары бар. Тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндеттерін атқару кезінде ішкі істер органдарының 794 қызметкері қаза тапты, 2587-і жараланды. 133 полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшісі қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Сонымен бірге мереке қарсаңында қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның 778 қызметкері ведомстволық марапаттарға ие болды.