ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті азаматтарға үндеу жасады
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті азаматтарға үндеу жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
- ІІМ "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында жұмысын жалғастыруда. Есірткі құралдарын және күшті әсер ететін заттарды қамтитын дәрілік заттардың заңды айналымын бақылау мақсатында ағымдағы жылдың басынан бері "Дәрмек" жедел-профилактикалық іс-шарасының үш кезеңі өткізілді.
Оның барысында мемлекеттік бақылауға жататын препараттарды сақтау, есепке алу және өткізу ережелерінің сақталуын тексеру бойынша медициналық ұйымдар мен жеке дәріханаларға кешенді тексерулер жүргізілді.
Нәтижесінде 1200-ден астам медициналық мекеме тексеріліп, жоғарыда аталған 100 мыңнан астам препараттың айналымына шектеу қойылды, мыңнан астам материал жиналып, кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменттеріне жолданды. Жалпы сомасы 150 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Ең көп кездесетін құқықбұзушылықтардың бірі "күшті әсер ететін заттар" тізіміне енгізілген дәрілік препараттарды рецептсіз сату болып табылады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап "күшті әсер ететін заттардың" заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі. Аталған заттардың тізбесі денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген.
Дәрілік заттардың айналымымен айналысатын заңды және жеке тұлғаларға қолданыстағы заңнама нормаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеміз. Ішкі істер министрлігі оларды бұзу әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілікке әкелетінін еске салады, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.
