Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ІІМ халықтан атыс қаруы мен оқ-дәрілерді сатып алу бойынша акция өткізеді

Халықтан қаруды сатып алу бойынша акцияның бірінші күнінде полицияға 100-ден астам қару тапсырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейін арттыру мақсатында ІІМ 25 сәуірден бастап халықта заңсыз сақталудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу бойынша республикалық акция өткізеді.

Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін республикалық бюджеттен қарудың әр бірлігіне оның техникалық жай-күйіне байланысты сомасы 10-нан 100-ге дейінгі АЕК көлемінде төлем көзделген.

Акцияның алғашқы күні полицияға ерікті түрде 109 атыс қаруы тапсырылды. Соның ішінде 20 шолақ мылтық, 88 тегіс ұңғылы, бір травматикалық және шолақ мылтыққа арналған 3,5 мың оқ-дәрі тапсырылды. Барлық қару-жарақ түрлері ІІМ-нің тіркеуі негізінде тексеріліп, криминалдық сараптамалардан өткізіледі.

Қару-жарақ заттарды қабылдау әрбір аумақтық полиция органдарында жүргізілетін болады.

– Жарақаттанудың алдын алу мақсатында табылған жарылғыш материалдармен және оқ-дәрілермен ешқандай іс-қимыл жасамауды, ешбір жағдайда оларды тасымалдауға тырыспауды, бұл туралы кез келген полиция бөлімшесіне, оның ішінде 102 нөміріне немесе 112 нөміріне телефон арқылы хабарлауды сұраймыз. Ерікті түрде тіркелмеген атыс қаруы, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды тапсырған адамдар қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылудан босатылады, – деді ведомствода.

ІІМ өткізілетін акцияға тұрғындардың қолдау білдіретініне және оған белсенді қатысатынына сенім білдіреді.

Анықтама: Ішкі істер министрлігі 2008 жылдан бастап халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша 11 республикалық акция өткізді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қажетті қаржы бөлінеді.

Барлық акциялар барысында (2008, 2012-2015, 2016-2021) халық өтеулі негізде 54 мыңнан астам атыс қаруы мен ойық ұңғылы қарудың 2 млн.астам патрондарын өз еркімен тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру