ІІМ интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын жариялады
ІІМ интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын жариялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған бейнероликтер байқауының қорытындысын шығарды. Байқаудың негізгі мақсаты – азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтық сауатын арттыру және интернеттегі алаяқтық фактілеріне жол бермеу.
Конкурсқа еліміздің түрлі өңірінен 60-тан астам бейнематериал қабылданды. Жұмыстар интернет-алаяқтық схемалары, дропперлік, қауіпсіз онлайн мінез-құлық және кибергигиена тақырыптарын қамтыған. Қатысушылар ІІМ мен департаменттің Instagram және TikTok-тағы ресми парақшаларына тіркеліп, жұмыстарын #ЗаңменТәртіп, #СенбеТексер, #cybercrimekz хэштегтерімен жариялаған.
Сонымен, III орын – Алматы технологиялық-қаржылық және инновациялық-техникалық колледжінің студенттері Айбек Аубакиров, Дастан Кенжебаев және Рамазан Қожанбаев. Команда байқауға төрт бейнеролик ұсынған.
II орынды – Мәншүк Мәметова атындағы жоғары Қызылорда педагогикалық колледжінің студенттері: Жаңылай Серғазықызы, Әділет Орынқұл және Нұрперзент Ысқақ иеленді.
Болашақ информатика пәні мұғалімдері әзірлеген материалдар кибергигиена бағытындағы профилактикалық түсіндіру жұмыстарын қамтыды.
I орынды – Ақтөбе қаласындағы №61 мектептің 2 сынып оқушысы Мерейлім Беркін жеңіп алды. Жеңімпаздың отбасылық форматта түсірілген бейнеролигінде интернеттегі қауіпсіздік ережелері жүйелі түрде көрсетілген.
Ұйымдастырушылар барлық қатысушыға шығармашылық белсенділігі үшін алғыс білдірді. Ведомство алдағы уақытта да жастар арасында киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды жалғастырады.
