ІІМ: Интернетте фейк тарату мен арандатушылық үшін жауапкершілік көзделген
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және басқа да онлайн-платформаларда әдейі жалған ақпарат таратып, арандатушылық тудыру жағдайлары жиілеп кетті. Мұндай әрекеттер қоғамдық ахуалды тұрақсыздандырып, сенімге селкеу түсіріп, жанжалдарға себеп болуда.
ІІМ ескертеді: фейктерді тарату – қылмыстық жауапкершілікке әкелетін іс-әрекет. Жалған ақпарат таратқаны үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Тек жарты жылдың ішінде жалған ақпарат жариялау бойынша 47 қылмыстық іс тіркелді.
Мысалы, Түркістан облысында бір азамат әлеуметтік желілерде шетелдік инвесторларға жер берілді деген жалған ақпарат таратқан. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, жауапқа тартылды.
Ұлтаралық, діни немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыру фактілері де ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл – ауыр қылмыс, ол үшін заңнамада 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында осындай фактілер бойынша 64 қылмыстық іс қозғалды. 15 адам сотталды, олардың тоғызына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Олардың қатарында:
-
Абай облысының тұрғыны TikTok-та ұлттық белгілер бойынша балағат сөздер айтылған видео таратқан;
-
Қызылорда облысының тұрғыны көпшілік алдында діни алауыздықты қоздырған.
Олардың барлығы ұсталып, сот үкімімен жазаланды.
Жалған ақпаратты интернетте таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жауапкершілік те бар. ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша алты айда 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы:
-
Атырау облысында азамат дамба қирады деген жалған видеоны жариялаған;
-
Петропавлда белсенді түрмедегі сотталғандар туралы жалған ақпарат таратқан.
Олардың барлығы бірнеше тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
ІІМ заңды бұзатын кез келген жарияланым құқықтық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.
— Барша азаматтарды заң талаптарын сақтауға және ақпарат таратуда мұқият болуға шақырамыз. Әрбір хабарлама шынайы, араздыққа шақырмайтын және қоғамдық тәртіпті бұзбайтын болуы тиіс. Қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық пен сенімді тек ортақ құқықтық мәдениет және бір-бірімізге деген құрметті сақтау арқылы қамтамасыз ете аламыз, – деп атап өтті ведомствода.